Басты бетЖаңалықтарТүркияда үйінді...

Түркияда үйінді астынан екі қазақстандықтың денесі табылды

Жедел ақпаратқа сәйкес, қазір бір Қазақстан азаматының мәйіті Антакья қаласынан табылып, шығарылды. Құтқарушылардың жұмысын көптеген үйінді, тұрақсыз құрылымдар қиындатып отыр. Қазақстандық құтқарушылар барынша тиімді жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.

Сыртқы істер министрлігі марқұм болған Әділ Қадырбеков екенін мәлімдеді. Түрік азаматының да мәйіті табылды.

Түркияның Хатай провинциясында толығымен қираған ғимарат үйіндісінің астынан тағы бір қазақстандық – Мирболат Құрмашевтың денесі табылып, шығарылды. Іздестіру жұмыстарын Қазақстанның құтқарушылары жүргізді.

Құтқарушылар алдын ала анықталған іздестіру орнына жету үшін арнайы тесік жасады. Олар кішкентай қуыс арқылы ішке енді. Құтқарушылар конструкция элементтері құлап кетпеуі үшін кедергілерді мейлінше аз бұзуға тырысты, үйінділердегі қауіпті аймақтарды бекітті, үйіндінің бөліктерін басқа жерге шығарды, — делінген хабарламада.

Түркияда дүйсенбіге қараған түні болған жер сілкінісі кезінде төрт қазақстандық жоғалып кеткен. Олардың бірі Сәбина Мамадиярова тірі табылды.