Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қазақстан аумағындағы ең қауіпті апаттар

«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы басқарушы директоры Ералы Шоқбаров Қазақстанның көп бөлігі сейсмоқауіпті екенін айтады. Бұған дәлел ретінде ол ел аумағында болған ең ірі апаттарды тізіп берді.

  • Қазақстан аумағындағы ең ірі зілзала 1877 жылы Верный қаласында болды, магнитудасы — 8,7 балл.
  • 1911 жылғы Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан Кемен жазығында болған зілзала да аса ірі апаттардың бірі болды.
  • 1971 жылы Жамбыл облысында, 1990 жылы Зайсан қаласында болған жер сілкінісін де ұмыт қалдыра алмаймыз.
  • Егемендік алғаннан кейінгі ірі зілзаланың бірі 2003 жылы Луговой ауылы аумағында болды. Онда 5000-дай үй қирап қалды, жыл ішінде бәрі қалпына келтірілді.
  • 2009 жылы Алматы облысына (қазіргі Жетісу обл. — ред.) қарасты Текелі қаласындағы жер сілкінісін де қазіргі Қазақстандағы ең ірі зілзала деуге болады. Бұл апат шығыны, шамамен 400 миллион теңге болған еді.
  • Ал Алматыда айқын сезілген жер сілкінісі 2022 жылғы 28 желтоқсанда қаладан 190 шақырым жердегі Қытай мен Қырғызстан шекарасында болды.

Эксперт сөзіне қарағанда, елдегі сейсмоқауіпті өңірлер тізімі кейінгі жылдары толыға түскен. Бұрын бұл тізімде Алматы қаласы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы болатын.

2017-2019 жылдары Сейсмология институтымен бірлесіп, жер сілкіну қаупі бар аймақтардың жаңа картасы әзірленді. Сейсмоқауіпті аймақтар тізіміне Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қызылорда облысы және Қарағанды облысы, Шымкент пен Тараз қаласы кірді. Бірақ бұл аймақтардың тек бірнеше өңірінде жер сілкінуі мүмкін, — дейді ғалым.

Сейсмоқауіпті аймақтар картасы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

«Алматыдағы дүмпудің максимал күші 9-10 балл болуы мүмкін»

Ералы Шоқбаров елдегі ең сейсмоқауіпті аймақ әлі де Алматы қаласы екенін айтады. Бірақ эксперт қаладағы көпқабатты ғимараттың бәрі талапқа сай деп есептейді.

Ералы Шоқбаров. Фото: «ҚазҚСҒЗИ» АҚ

«Кез келген құрылыс басталмас бұрын сараптама жасалады. Құрылыс нормалары туралы арнайы құжат бар. Ол бойынша, әр өңірдегі жер сілкінісі қаупіне қарай ғимаратқа қойылатын сейсмотөзіміділік талабы да әртүрлі. Бұл құжат Кеңес кезінен бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай құжат алғаш 1998 жылы қабылданды. Әлемде жер сілкінісі болып, оның себебі анықталған сайын біз осы құжатқа өзгеріс енгізіп отырамыз. Бұл елдегі жер сілкінісінің алдын алу үшін керек. Бірінші өзгеріс 2001 жылы, екіншісі 2004 жылы енгізілді. Одан соң 2006 жылы, 2017 жылы өзгеріс енді. Кейінгі өзгеріс 2021 жылы жасалды», — дейді эксперт.

Оның айтуынша, қазіргі құжатқа сай, Алматыда 12 қабатқа дейінгі ғимарат сала беруге болады. Қабат саны одан көп болса, сол үйге арнайы техникалық құжат пен бөлек құрылыс нормативі дайындалады. Мұндай үйдің құрылысы қатаң бақылауға алынуға тиіс.

Бірақ маман Алматыда жер сілкінісі бола қалса, қанша үй қирап, мемлекет бюджетіне қандай шығын келетіні жайлы ақпаратты жария ете алмайтынын айтты.

Еліміз бойынша Алматы қаласы — аса қауіпті сейсмоаумақ, дүмпудің максимал күші — 9-10 балл. Сонымен қатар Алматы облысындағы кейбір таулы аймақта шама кейде 9-10 балға жетуі мүмкін. Осы қауіпті ескере отырып, жер сілкінісі болса, қандай шығын келуі мүмкін екені туралы есебіміз бар. Алайда оны көпке жария ете алмаймыз, — деді Ералы Шоқбаров.

Эксперт сөзіне қарағанда, мұндай есеп қаладағы жер сілкінісінің алдын алу үшін жасалады. Ғылыми-зерттеу институты мен сейсмология институты мамандары бірлесіп, осындай есеп негізінде қаладағы сейсмоқауіпті ғимараттарды анықтаған.

Алматыда ескі ғимарат көп. 2017-2018 жылдары Сейсмология институтымен бірлесіп, 10 мыңнан аса ғимаратқа толық дерегі жазылған арнайы паспорт бердік. Сол құжаттағы деректерді зерттей отырып, мемлекет сейсмоқауіпті ғимараттарды сүру туралы шешім қабылдады. Қазір осы бағыттағы жұмыс жүріп жатыр, — дейді ол.

Ералы Шоқбаров бұған қоса 2004 жылдан бері Алматы ғимараттарын сейсмокүшейту шаралары қолға алынды дейді. Эксперттің айтуынша, қалада 50-жылдары сол заманның құрылыс нормасына сай салынған ғимарат көп. Бюджеттен осындай мектеп, балабақша және медицина мекемесі ғимараттарын жөндеуден өткізуге ақша бөлініп жатыр.

Бірінші кезекте қаладағы мектептердегі сейсмокүшейтуді қолға алдық. Мұның себебі бар. Алматыда зілзала бола қалса, мектептер зардап шеккендерге пана ретінде берілетін ғимарат деп қарастырылып отыр. Бұған қоса ел болашағы — балалардың көп уақыты сол мектеп ғимаратында өтеді. Мектептің үш қабаттан аспайтыны да осыдан, — дейді эксперт.

Жер сілкінсе, қалай қорғанамыз?

Ералы Шоқбаров бірнеше жыл бұрын жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша халыққа арналған арнайы карта әзірленгенін айтты. Бірақ белгісіз себептермен бұл жоба әлі іске аспай жатқан көрінеді.

Қауіпсіздік шаралары бойынша арнайы карта әзірленген еді. Жоспарға сай, оны телеарналардан көрсетіп, халықты жер сілкінісі кезінде қалай қорғану керек екенінен хабардар ету ойда болған.

Карта арқылы мамандар қауіпсіздік шараларын жеңіл тілмен, визуал негізде түсіндіргісі келген.

Карта бойынша, бағдаршам әдісімен қауіп-қатер күшін түсіндіру амалы болуы керек еді. Мысалы, ғимараттан 5 метр қашық аймақты қызыл түспен белгілеп, мұның қауіпті екенін түсіндіреміз. Дәл солай 10 метрді сары түспен бояп, ол аймақта да қауіп сейіле қоймағанын білеміз. Үшінші шеңбер — 20 метр қашық аймақты жасыл түспен белгілейміз. Бұл — қауіпсіз аймақ. Демек, жер сілкінісі кезінде ғимараттан 20 метрге алыстауыңыз керек. Осындай қарапайым мысал негізінде сейсмоқауіпсіздік шараларын түсіндіргіміз келген еді. Әзірге неге екені белгісіз, бұл карта жарыққа шықпай тұр, — дейді Ералы Шоқбаров.

Бұған қоса ғалым жер сілкінсе, былай қорғануға кеңес берді:

  • Газды, суды және электр қуатын өшіріңіз. Жер сілкінісінің күші аз болса, алысқа ұзамай, тұрған жеріңізде сілкіністің басылуын күткен абзал. Күшті жер сілкінісі кезінде, яғни дүмпу күші 5 балдан асса, ғимараттың екінші және одан жоғарғы қабатында болсаңыз, ғимараттан шығуыңыз керек. Терезе мен ауыр жиһаздан алыс тұрған жөн. Лифтіні қолданбаңыз.
  • Дүмпу кезінде көшеде болсаңыз, ғимарат пен электр желісінен қашықтап, ашық алаңға қарай кетіңіз. Оқушыларға мұндай жағдайда даладағы спорт алаңына жиналу керек екені айтылады. Үзілген электр сымдарына жақындауға болмайды.
  • Сілкініс кезінде көлікте болсаңыз, дүмпулер тоқтағанға дейін көліктен шықпай, ашық алаңда қала беріңіз.

***

Тағы оқыңыз:

Сейсмолог: Қазақстанда кейінгі 5 жылда 40 мың рет жер сілкінді