Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша із-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Түркияның Хатай қаласына қазақстандық құтқарушылар тобы мен кинологтар есептобы барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі, — деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің баяндамасын тыңдады.
Министр президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады.
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова түріктің Хатай провинциясы Антакья қаласында табылды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалып кеткен. Екі адам әлі іздестіріліп жатыр. Түркияның ішкі істер министрлігі Антакья қаласына құтқарушылар тобын жіберген.
Әзірше Сәбина Мамадиярова мен оның түрік досы Құбылай Кескін табылды. Екеуі де аман-есен, оларды дәрігерлер тексеріп шығуға тиіс. Жұмыс жалғасып жатыр, — деді Смадияров.
Еске салайық, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті жоғалып кетті.