Қызметкерлерді жаппай қысқарту себебі

Рената Нуреева қазір әлемдік компаниялар қызметкерін жаппай қысқартып, жұмыссыз қалғандар көбейіп жатыр дейді. Эксперт пікірінше, бұл процесс 2020 жылы басталған коронавирус инфекциясының таралу қаупі бәсеңдегендіктен болып отыр.

Әлемде қызметкерлерді қысқарту процесінің түрлі себебі болуы мүмкін. Кей компания экономикалық дағдарысқа ұшырады. Ал технологиялық компаниялар, керісінше, COVID кезеңінде жылдам өсіп, штатқа сансыз жұмыскер алды. Дегенмен COVID әуресі басылған соң, компаниялар сол кезде қабылдаған көп қызметкерге мұқтаж болмай, енді жұмыстан шығарып жатыр, — дейді эксперт. 

Рената Нуреева, бұған қоса, компаниялар жасанды интеллект технологиясы арқасында немесе ішкі автоматизация арқасында дамиды дейді. Сондықтан олар күн өткен сайын қызметкер санын қысқарта береді. 

Бірақ жасанды интеллект дегенге де үрейлене қарамаған дұрыс. Олар 10 жылдан соң біразымыздың орнымызды басуы мүмкін. Бірақ бұған бізді жұмыссыз қалдыратын емес, керісінше, жұмысымызды жеңілдететін фактор деп білген жөн, — дейді ол.

Биыл сұраныста болатын мамандықтар

Эксперт Қазақстандағы жағдай әлемдегіден керісінше екенін айтады. Оның пікірінше, елде кадрлар жетіспейді.

Қазақстан компанияларында анау айтқандай қысқарту болып жатқан жоқ. Өз жұмысымнан байқағаным сол, клиенттерімнің ешқайсы былтыр қызметкер іздеуді тоқтатқан емес. Сондықтан Қазақстан азаматтары әзірге жұмыссыз қаламын деп қорықпаса болады. Білігіңіз болса, бос орын да табылады, — дейді маман.

Электрон еңбек биржасының мәліметіне қарағанда, былтыр желтоқсанда 106,1 мың бос жұмыс орны мен 36,6 мың түйіндеме жарияланған.

Иллюстрация: Едіге Ержанұлы/Baribar.kz

Ал Рената Нуреева биыл бухгалтер, бағдарлама әзірлейтіндер мен сауда мамандарына ерекше сұраныс болуы мүмкін деп болжап отыр. Оның сөзінше, бұл салалар бойынша маман жеткілікті болғанымен, оның көбі талаптарға сай келе бермейді.

Бұл сала мамандарына сұраныс кейінгі 3 жылда ерекше артты. Бірақ сұранысты өтейтін маман саны артпай тұр. Сондықтан осы салалар бойынша бос орын көп. Жұмыс берушілер де шетел қызметкерлерін жұмысқа алуға мәжбүр болып отыр, — дейді эксперт.

Әр компания армандайтын T-shaped маман

Эксперт биыл жақсы табыс тапқысы келетін адамдарға кемі екі саланы меңгеріп алған жөн дейді. Тіпті мұндай адам еңбек нарығында «T–shaped маман» деген атпен танымал болып жатыр.

T-shaped маман — түрлі саланы жақсы меңгерген, идеясы көп, біреу келіп, орнын оңай баса қоймайтын, бір жобада бірден бірнеше қызмет атқара алатын таптырмас қызметкер. Мұндай мамандар түрлі сала өкілімен еркін, кәсіби деңгейде сөйлесе алады. Т-shaped маман қате жібергеннен, жаңа нәрсені істеп көргеннен қорықпайды. Үйреншікті жұмысын тастап, жаңа жұмысты тез меңгереді. Олар — потенциалы жоғары, өзгеріске қарсы тұрмай, керісінше көбіне сол өзгерістердің орнауына себепкер болатын адамдар.

Сондықтан басқа салаларға да қызығып, ізденсеңіз, артық болмайды. IT-құқық, биолог-инженер сияқты кезінде бір-бірімен байланысы жоқ екі саланың қазір бірге оқытылып жатқаны да — сөзімізге дәлел.

IT саласында маман жеткілікті 

Қазір IT көпшілік меңгеруге тұрарлық жалғыз екінші сала деген тренд қалыптасып жатыр. Эксперт бұл процесс COVID өршіп тұрған тұста адамдар жұмыссыз қалып, тек онлайн негіздегі сала қызметкерлері жұмыс істегендіктен болып отыр дейді.

Кейінгі 2 жылда түрлі сала маманы тәуекел етіп, IТ-салаға бет бұрғанын байқадық. Мұның бәрі COVID кезеңінде басталды. Компаниялар жабылуға мәжбүр болды. Ал сол күндері жұмысын жалғастырып, тіпті үлкен жетістікке жетіп, дами түскен көп компания да — сол IT бағытындағылар. Осыдан кейін «IT саласы — тұрақты, жылдам өсуге болады, үйде отырып жұмыс істеп, жақсы табыс табуға болады» деген түсінік қалыптасты, — дейді ол.

Эксперт осы себептен көпшілік арасында IT–ға кіріспе курстарын оқып алу да трендке айналғанын айтып өтті. Оның сөзінше, мұндағы басты мотивация — елдің жақсы табыс табуға ұмтылуы. Бірақ Рената Нуреева қазір IT–нарықтағы жалақы да көптен көтеріле қоймағанын айтты. 

Қазір ел көкейінде «Өз салаңды тастап, IT саласына ауысатын үлкен тәуекел ақтала ма» деген сұрақ туындады. Себебі сол, COVID кезеңінде IT–мамандардың жалақысы да күн сайын өсіп отырды деуге болады. Ал қазір ол да тұрақталып қалды, аса бір өсім байқалмайды. Мысалы, жыл бұрын кез келген бағдарлама әзірлейтін маман жаңа қызметке ауысарда қысылмастан, екі немесе үш есе көп жалақы сұрай алатын. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Себебі кадр жеткілікті. 

Оның айтуынша, қазір жағдай тұрақталды. Сондықтан жақсы жалақы табу үшін IT саласына ауысу міндет емес. Бұған қоса, эксперт жақсы жұмысқа тұруға ниеттілер үшін басты талаптарды айтып өтті.

Жақсы жұмысқа тұрғысы келетін азамат hard skills талаптарына сай болуы керек. Ондай машықтардың бірі — ағылшын тілін білу, Excel жүйесінде жұмыс істей алу. 10 жылдық тәжірибеме сүйене отырып, ағылшын тілін білетін адам басқалардан кемі 20% жоғары жалақы алады дей аламын. Бұған қоса, біз іздейтін маманның көбіне қойылатын басты талап — қызметкердің Excel жүйесін жете меңгергені, — дейді Рената Нуреева. 

Оған қоса, жылдам бейімделу, бастамашы болу мен адамдармен келісе алу сияқты soft skills машықтың болғаны маңызды.