Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі.
Қазақстанның болашағы – жастар. Мен жастарымызға әрдайым сенемін, сіздерді қолдаймын. Өмірлеріңіз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын деп тілеймін, – деді президент.
Білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген. Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, білім ордасында 1 207 оқушы оқиды.
Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған: 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 9 500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс.
Жалпы, президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.