Басты бетЖаңалықтарҚазақстан Ресейдегі...

Қазақстан Ресейдегі сауда өкілдігін жабады

Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру процесінің шеңберінде Ресей Федерациясымен өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған.

Қаулының жобасы талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында жарияланған.

Бұл қазіргі уақытта қазақстандық бизнес үшін Ресей бағытында жұмыс істеу және барлық операциялық мәселені шешу үшін институционалдық жағдайлар жасалғандығына байланысты. Бұл ретте босатылған бірліктер Қазақстанның басқа елдерде дипломатиялық қатысуын күшейтуге бағытталады, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, бұл шешім 1992 жылғы 22 қазандағы сауда өкілдіктерін өзара құру туралы үкіметаралық келісімнің күшін жоюды талап етпейді және Ресей Федерациясының ҚР-дағы сауда өкілдігінің жұмысына және жалпы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына әсер етпейді.

Ресей Федерациясы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі саналады. Бұл бірқатар объектив факторларға байланысты: географиялық орналасуы, ЕАЭО-ның жалпы экономикалық кеңістігі, дамыған шарттық-құқықтық базасы, екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін тиімді алаңдардың болуы (үкіметаралық комиссия, өңіраралық ынтымақтастық форумы, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша кіші комиссиялар). Бүгінде Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 8 000-ға жуық компания және 3 348 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәскеудегі ХШЖК аумағында халықаралық маңызы бар «Қазақстан» сауда-көрме орталығы («QazExpoCongress» ҰК» АҚ жалғыз қатысушысы) жұмыс істейді, оның міндеттеріне мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету кіреді, — делінген министрлік мәліметінде.

Сонымен қатар Ресей Федерациясында экономикалық дипломатияны ілгерілету функциясын ескере отырып, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінен басқа, Санкт-Петербург, Омбы, Қазан және Астрахань қалаларындағы бас консулдықтар тиімді жұмыс істейтіні айтылған. Сонымен қоса Екатеринбург қаласында Қазақстанның бас консулдығын ашу мәселесі талқыланып жатқаны айтылды.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша одан әрі жұмыс Ресейдің барлық ірі қалалары мен аймақтарында құрылған «QazTrade» ССДО АҚ серіктестік желісі арқылы жалғастырылады, — делінген хабарламада.