Басты бетЖаңалықтарАлматыда алаяқтықтың...

Алматыда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Қалалық әділет департаментінің атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әнуар Жексековтың айтуынша, алаяқтар азаматтарға телефон соғып, өздерін әділет департаментінің қызметкері ретінде таныстырып, алдау және сендіру жолымен тұрғындардан ақша алып жүр.

Арам пиғылды алаяқтар жалған өнімді интернет, әлеуметтік желілер арқылы жоғары бағамен сату схемасы арқылы жасайды. Ал алданған тұрғындармен келісім жасалғаннан кейін барлық телефондарды өшіреді. Әрі қарай алаяқтар жәбірленушілерге өздерін әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон шалады, алаяқтардың ұсталғанын хабарлайды, жалған куәлік береді және өтемақы төлеуге уәде береді. Алайда алдын ала комиссия түрінде төлем талап етеді, — деді спикер.

Әділет департаментінің баспасөз хатшысы Алмас Бекботаевтың мәліметінше, бүгінгі күні бес жалған қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Әділет департаменті полицияға бес адамға қатысты барлық дәлелдейтін материалдармен арыз жолдады. Соталды тергеп-тексерудің басқа деректері қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, — деді ол.

Ведомство өкілдері ел тұрғындарын өз туыстарына, достары мен таныстарына алаяқтық фактілері туралы ескертуге, алаяқтардың арандатуы мен үгітіне сенбеуге шақырды. Осындай жағдай болған жағдайда, +7777 252 23 23 телефонына хабарласып, Алматы әділет департаментінің қазіргі қызметкерлері туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар қызметкерлердің тізімдері департаменттің ресми сайтында жарияланған.