«Байтақ» пен Respubliса партиялары мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады

Бұл туралы бүгін орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.

Бұған дейін 21 қаңтарда Respubliсa партиясы партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттарының сайлауына қатыса алмайтыны хабарланған еді. Саяси додаға түсу үшін партия 8 ақпанға дейін өңірлік филиалдарын ашуға тиіс болатын. Бүгін орталық сайлау комиссиясының отырысында Respubliсa партиясы 19 өңірде өз филиалын ашып үлгергені белгілі болды.

Осыған байланысты ОСК Respubliсa партиясын Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының, сонымен қатар Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға рұқсат беру туралы қаулы қабылдады.

Бұдан бөлек, «Байтақ» жасылдар партиясы да 15 өңірдегі партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат сайлауына жіберілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну кезеңі 8 ақпанда аяқталатынын еске салды.

Осыған байланысты «Байтақ» және Respubliсa партияларының назарын мынаған аударғым келеді. Егер партиялар 8 ақпанға дейін басқа өңірлерде өз филиалдары мен өкілдерін ашып, оларды тіркеген жағдайда, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттарының тиісті өңірдегі сайлауына қатысу мүмкіндігіне ие болады, — деді ОСК басшысы.

Еске салсақ, мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Партиялық тізімдер бойынша мәжіліс және мәслихат сайлауына мына партиялар қатысады:

  • «Ақ жол» партиясы;
  • Amanat партиясы;
  • «Ауыл» партиясы;
  • «Байтақ» жасылдар партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
  • Қазақстан халық партиясы;
  • Respublica партиясы.