«Жасыл ел» жастар жасағы
«Жасыл ел» атты жастардың еңбек жасағына жинау шаралары студенттердің жазғы демалыс мезгіліне сәйкес келеді. «Жасыл елде» жұмыс істегісі келетін жастарға арнайы униформа беріледі. Ол жасыл түсті күртеше, футболка, бейсболка мен жабық аяқ киім үлгісінде болады. Қаланы, аймақты гүлдендіруге, экологиялық жағдайды жақсартуға еңбек ететіндердің орташа еңбекақысы 45 мың теңге. «Жасыл ел» бойынша жазда бос жатпай табыс тапқысы келетінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-іне барып, тіркелуі керек.
Промоутер
Промоутердің негізгі міндеті — жарнама жасау. Компания қағаздарын тарату, көпшілік орындарда тұтынушы жинау, хабарландыру жапсыру сияқты қызметтер атқарады. Промоутердің жұмыс кестесі ыңғайлы құрылады. Алматы қаласында промоутерлер 20 мыңнан 100 мыңға дейін табады.
Студенттік құрылыс жасақтары
Еліміздегі әрбір жоғары және арнаулы орта оқу орындарында жасақтар құрылып, ниет білдіріген студенттер жазғы демалыста құрылыс алаңдарында еңбек етеді. Орташа жалақылары – 55-60 мың теңге. Бұл жасаққа кіру үшін де «Жастар ресурстық орталығына» барып, тіркелу қажет.
«Алтын қор» кадрлық резерві
Егер болашақта мемлекеттік қызметте бағын сынап көргісі келетін жастар болса, «Алтын қор» кадрлық резерві көмек бере алады. «Алтын қордың» тізіміне кіру үшін өз өңіріңдегі жастармен және жастар қоғамдық бірлестіктерімен жұмыс істейтін бөліміне хабарласып, тіркеліп қой. Егер студент болсаңыз, оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі маманға жолықсаңыз болады. Арнайы тәжірибеден өтетін немесе жұмыс істейтін мүмкіндік болған жағдайда, сізге мемлекеттік қызметпен айналысуға мүмкіндік туады.
Аниматор
Мереке сайын берілетін демалыстарды тиімді пайдалануға болады. Егер әртістік шеберлігіңіз бар болса, табысыңыз да арта түспек. Аниматордың басты міндеті қонақтардың, көрермендердің көңілін көтеріп, шоу жасау. Әсіресе, балалар қауымының аниматор мамандарға деген ықыласы ерекше. Алматы қаласының аниматорлары 40 мыңнан 150 мыңға дейін қаражат таба алады.