Бұл ноутбукты Baribar Media SMM-менеджері әрі дизайнері Едіге Ержанұлы бір апта қолданып көрді. Материалда әріптесімізбен бірге ноутбукты шолып шығамыз.

Құрамдас бөлшектер

Әдетте, жаңа ноутбук алғанда барлық құрамдас бөлігі үлкен бір қорапта тұрады. Ал ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-тің құрамдас бөліктері бөлек-бөлек қорапқа салынған. Бұл — ASUS Zenbook-тың ерекшелігі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ноутбуктың қорабын ашқанда бірінші көзіме түскені — құрамдас бөліктердің жеке-жеке қорапқа салынғаны. Қуаттағышты, магнит стендті, стилусты бөлек ашқан сайын рахаттанасың. Әрқайсын қорабынан алған кезде сыйлық ашып жатқандай сезінеді екенсің, — дейді Едіге.

Ноутбукпен қатар жүретін құрамдас бөлшектер – ZenBook сериясының дәстүрлі ерекшелігі. Бұл жолы жинаққа ноутбукпен қоса, стилус, жұмсақ корпусқап, магнит стенд пен 65 Вт USB Type-C қуат көзі кірген. Аксессуарлардың сапасы жоғары. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Магнит стенд. Көп құрылғының мұндай тіреуіш-стендтері қапта болады. Ал ASUS стендті ноутбуктың астына жабыстырған. Қажет болған кезде ноутбук қабын шешпей-ақ алып тастауға мүмкіндік беретіндей етіп жасаған. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ноутбукты қап кигізбей-ақ пайдаланып көрдім. Маған қапсыз қолданған ұнайды. Қапсыз қолданғанмен қатар, ноуттың көтеріліп тұрғанын да қалаймын. Сол үшін магнит стендін ноуттың астына жабыстырып көтердім, қалаған кезде алып тастадым. Бұл ыңғайлы екен, — дейді Едіге.

Осылай, магнит стендті ноутбукпен алып жүру міндетті емес.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Стилус. Стилусты екі экранда да бірдей қолдана береміз. Бұл аз уақыт қызықтайтын нәрсе емес, жұмыс пен шығармашылықтың толық құралы. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мәтін өңдерде тінтуірмен керек жеріңді табам деп әуреленбей, стилусты қолдансаңыз, біраз уақыт үнемделеді. Жүйке де жұқармайды. Ал дизайн мен иллюстрация жасайтын адам үшін стилус – үлкен көмек, — дейді дизайнер.

Едіге Ержанұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Корпус. Едіге ноутбук корпусына «премиум-класс» деген баға берді. Ноутбук пернелері ғана пластиктен тізілген, қалған бөлігі түгелдей дерлік металдан жасалған.

Асус
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Толық өлшемді ErgoSense пернетақтасы. Әдетте, компьютер мен ноутбук пернетақтасы екі түрлі болады. Компьютердікі басқанға ыңғайлы. Ал ноутбуктың пернелері бір-біріне жақын болады да, тергенде жанындағы пернелерге саусақ тиіп кетіп, қате көп кетеді. Оны түзеп отыру — бөлек бір жұмыс. 

ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED бұл проблеманы былай шешіпті: Екінші экранды жоғарыға көтерген, пернетақта төмен түсіп, тачпад оң жақ бұрышқа жайғасқан. Сөйтіп, пернелерге орын көбірек қалған. Осы шешімнің арқасында пернелер үстел пернетақтасының стандартына сай келіп, емін-еркін тізіліп шыға келген. Мәтін жазғанға да, дизайнерлер жиі пайдаланатын пернелерді басқанға да ыңғайлы, — дейді Едіге.

Пернелері ірі (18,5 миллиметр), ал пернелер арасы — 1,4 миллиметр. Бұл – үстел пернетақтасының стандарты. 

“Ағзасы”

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мен — студентпін. Оған қоса, медиа саласында бірнеше жерде дизайнер болып жұмыс істеймін. Медиа саласында істеу деген кез келген уақытта кез келген жерде дизайн сызып, вижуал салып беруге дайын болу дегенді білдіреді. Мұндайда қуатты құрылғың қол астында тұрса, қорықпауға болады. Менің қолыма тиген нұсқаның процессоры Intel Core i7 12-буыны арқасында құрылғы жылдам жұмыс істейді, — дейді Едіге. 

Ноутбук процессоры қаншалық өнімді екенін анықтайтын Cinebench R23 деген танымал бенчмарк бар. ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED осы бенчмарктен сынақтан өткенде өнімдігі алдыңғы буыны — Zenbook Duo 14 UX482 ноутбугынан 143%-ке жақсарғаны белгілі болды.

Дизайнер ноутбуктың ішкі құрамына көңілі толды. Ноутбук жеңіл, бар болғаны 1,7 келі тартады. Осындай жеңіл ноутбук үшін жақсы видеокарта таңдалған — NVIDIA GeForce 3050 Ti. Бұл видеокарта рендеринг, видеомонтаж сияқты үлкен қолданбалармен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Оған қоса, ICECool Plus суыту жүйесімен жабдықталғанын айтты. Бұл жүйе процессор мен видеокартаның қуатын арттырады, нәтижесінде қолданбалар өнімді жұмыс істейді. 

Шығармашылық саласында істейтін адамдар үшін ноутбук жады мен файлдарды сақтау орны өте маңызды. 32 Гбайт жедел жады мен PCIe 4.0 X4 интерфейсі бар жылдамдығы жоғары SSD-диск «ноутбук жады толып қалады» деп алаңдауға негіз қалдырмайды. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

USB-A порты, толық өлшемді HDMI 2.1 және 2 Thunderbolt 4/USB Type-C ұяшықтары бар. Едігенің айтуынша, бұл дизайнерлерге қажет аудио-видео тасымалдайтын кез-келген құрылғыны қосып, жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Салмағы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы тұста ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-тің тағы бір артықшылығы — салмағы жайлы айта кеткен жөн. Салмағы 1,7 келі ноутбукты алып жүрген жеңіл. 

Негізі, ноутбуктың видеокартасы мықты болған сайын салмағы артады. Оған екі экранды қосыңыз. Құрылғының корпусы түгел дерлік металдан жасалған. Осының бәрін қосқанда салмағының 1,7 келі ғана болғаны таңғалдырды. Мен сияқты ноутбук тастамайтын дизайнерге таптырмас құрылғы, — деді ол.

Экрандар

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-тің басты ерекшелігі — экрандары. Көпше түде жазып отырғанымыз бекер емес. Ноутбук аты айтып тұрғандай екі экраннан тұрады. Негізгі экран 14,5 дюймдік, сенсорлы және 2880×1800 өлшемі бар, жиілігі — 120 Гц. Ал бұл ноутбуктың алдыңғы буыны Zenbook Duo 14 UX482 жиілігі 60 Гц болған еді. Алдыңғы буынға қарағанда экран 49%-ке анық көрінеді. Сонымен қатар экранның максимал жарықтығы 38%-ке артқан. 

Оған қоса, ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-тің экранының рамкасы жұқарақ, соның арқасында қолданатын ауданы 12%-ке ұлғайған. 

Сонымен бірге 100% sRGB стандарты бар. Бұл қызылдың, жасылдың, көктің қосындысынан шыққан кез келген түске жауап береді. Нағыз шығармашылық адамдарына қажет стандарт.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Екінші экран: 12,7″, 2880х864, жиілігі — 120 Гц. Бұл – көзге салмақ түспейді деген сөз. Оған қоса, кез келген ауа райында жұмыс істей бересіз. 

Экрандардың тағы бір артықшылығы – бейнесі қанық. Display HDR True Black 500, Pantone Validated сертификаттары бар. Бұл — дизайнға керек сертификаттар. Соның арқасында экрандағы қара түс оңып, сұр түске тартып кетпейді. Қою қара күйінде, басқа түстерді бұрмаламай қанық қып береді.  

Мысалы, мен дизайнды өзімнің ноутбугыма жасап, оны телефонға көшірсем, екі құрылғыдағы түс екі түрлі боп шығады. Өзімнің ноутбугымда ақшыл боп тұрған түс телефонға түскенде қанық болады. Қажет түсті алғанша төрт рет көшіремін. Ал мына екі сертификат қажет түсіңді өзгертпей көшіреді, — дейді дизайнер.

ASUS осымен екі экраны бар бірнеше ноутбук шығарды. Мына ноутбуктағы экранды көлбеу етіп, яғни басты экранмен бірдей етіп қойған. Соның арқасында екеуінің жарығы бірдей. Екінші экран көмескі емес. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Едіге екі экранның болғаны жұмысты өнімді еткенін айтады.

Екінші экран жұмысымды расымен жеңілдетті. Дизайнерге нағыз керегі осы қосымша экран екен. Ноутбукқа Adobe Photoshop жүктеп, жұмыс істеп көрдім. Photoshop-тың жұмыс істейтін саймандар панелі экранның екі жағында тұрады, сөйтіп негізгі тақта — артбордты қысады. Ал ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-те әлгі инструменттің бәрін осы қосымша экранға түсіріп тастадым. Сөйтіп артбордым үлкейіп шыға келді, — дейді ол. 

Видео монтаждайтын Adobe Premiere Pro бағдарламасында түсті коррекциялау сияқты функцияның бәрі екінші экранда жасалады. Ал басты экранға видеоның өзі ғана толық шығады.

AAS ULTRA

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED-ке AAS ULTRA технологиясы енгізілді. Бұл — желдетудің жаңа түрі. 

Ноутбукқа екінші экран қосылғасын, желдету жүйесі  да айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Қақпақтың  максимал ашылу бұрышы — 145 градус. Екінші дисплейді 12°-қа көтеретіндей етіп иіледі. Ал бұл, өз кезегінде, төменгі беттің қызып кетуінен сақтайды. Өйткені салқындату жүйесіне ауа екінші дисплейдің астындағы саңылау арқылы енеді. Бұл жүйе «AAS ULTRA» деп аталады.

Қорытынды:

Шолуымызды қорыта келе, ASUS Zenbook Pro 14 Duo OLED ноутбугының мынадай артықшылықтарын атап айтуға болады:

  • екі экраны бар;
  • жаңа AAS ULTRA желдету технологиясы енген;
  • салмағы жеп-жеңіл — 1,7 келі;
  • жылдам жұмыс істейді;
  • стилусы бар;
  • пернетақтасы өте ыңғайлы;
  • сақтау алаңы (жады) көп;
  • 100% sRGB стандарты бар;
  • экраны жарық;
  • қосымша порттары көп.