Басты бетЖаңалықтар"Ұрпаққа аманат":...

«Ұрпаққа аманат»: AMANAT партиясы ұлы тұлғаларды ұлықтады

Биыл алаш ардақтылары Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл және Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірге келгеніне 130 жыл толып отыр. Осыған орай, партия тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырып, оған танымал ғалымдар, тарихшылар, қаламгерлер және жастар қауымы қатысты.

«Төл тарихынан алыстаған адам өз тамырынан ажырайды. Сондықтан өскелең ұрпақ үшін бұл іс-шараның айрықша мәні мен маңызы бар. Біз бүгін ел тарихында ерекше орын алатын алып тұлғалардың өнегелі өмірі мен еселі еңбек жолын еске алып отырмыз. Олардың есімі әр отандасымыздың жадында жаңғырып тұруы тиіс», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Ал белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы бұл аса маңызды бастама екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Оқушылар мен Жамбыл Артықбаев
Фото: Amanat партиясы

 «Ұлт қайраткерлерін ұлықтау, өткенді ұмытпау тек партияға артылған жүк немесе борыш емес. Кейінгі ұрпақтың, келешек жастардың көңіл көкжиегін кеңейтетін осындай келелі іс-шаралар жиі-жиі ұйымдастырылып, тарихи-танымдық әңгімелер ұдайы айтылып отыруы тиіс. Жас буын ұлтымыздың әдебиетін, мәдениетін өрге сүйреген заңғар тұлғалардың шығармашылығынан нәр алып, өмірін үлгі ете білуі қажет. Ең бастысы, олардың соны туындыларын мерейлі жылында ғана емес, әрдайым іздеп жүріп оқу керек», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Өз кезегінде, «AMANAT»-тың Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Еркебұлан Жаулыбаев бұл бастама тарлан тарихымызды, тұғырлы тұлғаларымызды, мәдениетіміз бен руханиятымызды насихаттау бағытында партия қолға алған алғашқы іс-шара емес екенін атап өтті.

«AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасында тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларға үнемі қолдау көрсетілетіні, алаш арыстарының ұлы мұраты үнемі үлгі-өнеге болатыны анық жазылған. Соның бір дәлелі ретінде, былтыр партия отандастарымыздың жан азығына айналған «Бабалар аманаты», «Алтын домбыра», «Тәуелсіз елім – тірегім» республикалық ақындар айтысын, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізді. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді Еркебұлан Жаулыбаев.

Сондай-ақ, іс-шара барысында ақын, «Мәдениет порталы» ЖСШ-ның құрылтайшысы Бауыржан Қарағыз, ақын, «Отан сақшысы» газетінің редакторы Рауан Қабдолда жырдан шашу шашып, ортаға орамды ой тастады.

«Мектебіңіз қазақтың жанына жақын болған кезде ғана біз болашақ үшін аянбай серттесе аламыз» дейді Мағжан Жұмабаев. Яғни, қазақтың жанына жақын мектеп қалыптастыру – алаш арыстарының аманаты. Біз осы жолда жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті, бұл бағыттағы мектепішілік бірқатар маңызды жобаларымыз да бар. Шәкірттеріміз бүгінгі іс-шарада есімі ерекше айтылып отырған тұлғалардың сөзінен өнеге, тәлім-тәрбие алып келеді», – деп түйіндеді аталған білім ошағының директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Алдағы күндері дәріс Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында және Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде жалғасады.