Басты бетЖаңалықтарМинистрлік білім...

Министрлік білім беру саласындағы ротация туралы айтты

«Білім туралы» заңына «ротация» ұғымы ҚР парламенті мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша 2021 жылы енгізілген. Заң жобасы бекітілгенге дейін мемлекеттік органдармен, оның ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті органмен, сонымен қатар заң қызметтерімен келісуден өткен, оған үкімет қорытындысы берілген. Сондықтан еңбек кодексіне қайшы емес. Заңның нормаларын іске асыру үшін «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығымен бекітіліп, ҚР әділет министрлігінде 2021 жылғы 12 қарашада № 25128 болып тіркелді және мемлекеттің барлық аумағында қолданылады, — деп жазды Бейсембаев мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидалары заңның 5-бабының 35-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу тәртібін айқындайды.

Тиімділік көрсеткіштері бойынша мәліметтерді тиісті комиссия қарайды.

Ротацияның мақсаты — бірінші басшының кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Сондықтан тиімді менеджерлер ротацияланады, ал тиімсіз менеджерлер ротацияға жатпайды, себебі олардың қызметінің нәтижелері білім сапасын арттыруды қамтамасыз етпейді. Басшылардың осы санаты үшін нормативтік құжаттарда басқа шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, ҚР еңбек кодексіне сәйкес үш жылда бір рет өткізілетін аттестаттау, басшылардың қызметінің нәтижесінде олардың мансаптық өсуін көздейді, — деді Ғани Бейсембаев.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылда 961 бірінші басшы ротацияланды және жаңа білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Алматы бойынша 2022 жылы 8 бірінші басшы ротацияланды. Ротация аясында қамтылған бірінші басшылардан шағым түскен жоқ.