SpaceX басшысы Илон Маск Айға ұшатын екі туристің атын атамады. Тек олардың бір-бірімен таныс екенін, Голливудтық емес екенін ғана айтты.
Олар биыл қажетті медициналық тексерістен өтеді, кейін ұшуға дайындық басталады.
«Бұл бағдарлама – адам баласы үшін соңғы 45 жыл ішінде алғаш рет қайтадан ғарышқа оралу мүмкіндігі», — дейді Илон Маск.
Туристердің ғарыш кемесі қазір сынақтан өтіп жатыр. Туристер Айға 2018 жылы ұшады деп болжанып отыр.
Илон Маск Айға ұшу қауіпті екенін, бірақ туристер оны біліп отырғанын айтты.
«Біз қауіптің деңгейін барынша төмендетуге тырысамыз, алайда ол қауіпсіз болады деген сөз емес»,- дейді Илон Маск.
SpaceX кемесіндегі туристер Айға қонбайды, тек оны айналып ұшып келеді. Осы орайда Илон Маск НАСА астронавтары қызығушылық танытса, ғарыш кемесінен орын тауып бере алатынын айтты.
Айта кетейік, адамзат баласы соңғы рет Айға 1970-жылдардың басында ұшқан еді. Одан кейін НАСА бұл «Аполлон» деп аталатын бағдарламаны жауып тастады. Себебі тым қымбатқа түсетін еді.