Облыс әкімдерінің қызмет мерзімін шектеу ұсынылды

Депутат Ерлік Өмірғалидің айтуынша, отыз жыл бойы Қазақстанда бір ғана партия билікке монополия жасады. Сол себепті ол облыс пен қала әкімдеріне саяси партияға мүше болуға тыйым салу керек деп есептейді.

Әкімдер тек өз айналасына ғана емес, өз өңірінің барлық азаматына қызмет көрсетуге тиіс. Әкімдердің партияға мүше болуын тоқтату туралы ұсыныс негізді және конституциялық реформаға сай келеді деп санаймыз, — деді Ерлік Өмірғали премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы үкіметке мынадай нормаларға бастама жасауды ұсынды:

1.облыс пен қала әкімдеріне лауазым атқару кезінде саяси партиялардың мүшесі болуға тыйым салу;

2.облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымын атқару мерзімін бір реттік 5 жылдық мерзіммен шектеу.