Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Президент өз сөзінде БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйғанын, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салғанын атап өтті.
2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Президент Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын.
Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.
Біз аса маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдардың барланған қоры бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреміз. Біз уран, титан, хром және басқа да материалдардың ірі өндірушісі саналамыз. Көптеген кен орны әлі зерттелмеген. Елеулі технологиялық дамуды ескерсек, маңызды материалдардың мәні арта түседі. Бізге осы саладағы әлеуетімізді толық іске асыру үшін инвестиция мен тәжірибе қажет, – деді президент.
Ол Қазақстан тартымдылығын арттыру үшін күрделі газ және мұнай кен орындарын игеру жөнінде жетілдірілген келісімшарт үлгісін қабылдағанын атап өтті. Ол жоғары деңгейдегі құқықтық тұрғыда қорғауды және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар инвесторларды қолдау үшін ұлттық геологиялық қызмет пен тиісті цифрлық платформа құрдық. 2023 жылдан бастап тау-кен металлургия секторындағы жаңа стратегиялық жобалар пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты төлеуден бес жылға дейін босатылады, – деді президент.
Президент Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысының толық аяқталғанын күтетінін айтты. Орталық Азиядағы ең биік саналатын бұл ғимарат елордамыздың ғана емес, Қазақстан мен БАӘ серіктестігінің символына айналады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі қуатты қаржы секторын құруда Қазақстан белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 64 елден 1 700 компания тіркелген. АХҚО-да жалпы халықаралық құқыққа негізделген заң жүйесі, тәуелсіз сот және арбитраж орталығы, салық жеңілдіктері және арнайы еңбек режимі жұмыс істейді. АХҚО Дубай халықаралық қаржы орталығымен және Абу Даби жаһандық нарығымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Біз, әсіресе, қаржы технологиясы, «жасыл» қаржыландыру, исламдық қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.