Үш жылда ауылдарды дамытуға бюджеттен 326 миллиард теңге бөлінді

Бұл туралы үкімет отырсында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 миллион жуық адам тұрады. «Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктелді. Бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылып жатыр. 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 миллиард теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды, — деді министр.

Бұл қаражатқа 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі салынған көрінеді.

1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектілерін жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды, — деді Әлібек Қуантыров.