Басты бетЖаңалықтарСмайылов McDonald's...

Смайылов McDonald’s компаниясы не себепті Қазақстаннан кеткенін айтты

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер премьер-министрден McDonald’s компаниясы Қазақстан нарығынан не себепті кеткенін сұрады.

Компанияның Қазақстаннан кетуі елдегі инвестициялық ахуал немесе басқа да жағдайлармен байланысты емес. Бұл McDonald’s компаниясының Ресейден кетуімен тікелей байланысты. Компания өнімінің шикізаты мен жартылай фабрикаттар Ресей нарығы арқылы қамтамасыз етілген, — деді Смайылов.

Оның айтуынша, тағы бір себеп McDonald’s компаниясының өнімдерге өте жоғары талап қоюы.

Бұл компанияны өніммен қамтамасыз ету үшін жеткізушінің бірнеше сертификаттаудан өтуі керек. Жемнің сапасы, мал, құс ұстау және сою орындары, тіпті қаптайтын қораптардың сапасына да жоғары мән береді. Компания талаптарын орындау үшін қомақты инвестиция керек. Ал Қазақстанның нарығы шектеулі, сондықтан мұндай көп инвестиция қысқа мерзімде қайтарылмайды, — дейді үкімет басшысы.