«Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау басталды

Құжат қабылдаудың алғашқы кезеңі 27 қаңтарға дейін созылады. Екінші кезең 2023 жылғы 3 сәуір мен 28 сәуір аралығында, одан кейін 5 маусым мен 7 шілде аралығында және 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында жүреді.

Конкурстық іріктеу 20 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Өтініштер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады.

Биыл магистратура және резидентураға 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді. Ұсынылатын ЖОО-лар тізімі әлемнің 27 елінен 236 университетті қамтиды. Басым мамандықтар тізбесіне 262 мамандық кірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша «инженерлік-техникалық мамандар» деген жеңілдік санаты бекітілді. Сонымен қатар медицина қызметкерлері үшін жеңілдік санаты енгізілді. Квоталық санаттардың тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі бар. Олар құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес.

Олар оқу орнын стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО-лар тізімінен таңдай алады.

Еске сала кетейік, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатыса алады. Оларға жеңілдігі бар кандидаттар жатпайды.