Басты бетЖаңалықтарАлматыда қар...

Алматыда қар тазалау жұмыстарына 969 техника тартылды

Баспасөз қызметінің мәліметінше, оларда көктайғаққа қарсы материалды себуге, тырмалауға, қар тиеу мен шығаруға арналған 969 бірлік арнайы техника мен 1 370 жұмысшы бар.

Қысқы уақытта Алматының 70% аумағындағы қарды «Алматы Тазалық» кәсіпорны тазалайды (709 техника, 892 жұмысшы). Бұдан бөлек, былтыр «Алматы Тазалық» үшін қосымша бульдозер, көктайғаққа қарсы сұйық реагенттерді себуге арналған аспалы жабдығы бар, Швейцарияда жасалған үш комбинациялық жол көлігі және қар шығаруға арналған 13 самосвал сатып алынған.

Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен «Алматы Тазалық» МКК үшін көктайғаққа қарсы аспалы жабдығы бар КамАЗ 65116-6010-48 жүк автомобильінің шассиіне арналған комбинациялық үш жол көлігі сатып алынды. Оның бірі «Алматы Тазалық» МКК-ның Бостандық ауданының бөліміне табысталды.

«Алматы Тазалық» мекемесінің Бостандық ауданы бойынша бөлім басшысының орынбасары Айдын Шолтықовтың айтуынша, аталмыш көліктер қар жауғанға дейін немесе қар жауған кезде сағатына 40 шақырымға дейінгі жылдамдықпен келе жатып, ені 5-тен 11,5 метрге дейін жол төсеміне көктайғаққа қарсы реагенттерді шашады.

Бұл көліктерде көлемі 10 м3 сыйымдылық орнатылған, оған NaCl химиялық реагентінің 24%-тік ерітіндісі құйылады. Ауа температурасы мен қардың жауу қарқынына байланысты 1 кв.м жерге 10-нан 50 грамға дейін ерітінді жұмсалады. Яғни, 1 кв.м-ге 12 грамнан аспайтын тұз жұмсалады, бұл жол өңдеудің дәстүрлі әдісіне қарағанда бірнеше есе аз. Ерітіндінің бір жүктемесі үш жолақты жолдың 23 шақырымына жетеді. Сонымен бірге аталмыш көліктерде жаз уақытында жолдарды суару жабдықтары мен дөңгелек тоқтататын білеуді, «джерсиды», қоршауларды және жолдың басқа да жол элементтерін тазалауға арналған тік щеткасы бар, — деді Айдын Шолтықов.