Басты бетЖаңалықтарАлматыда арнайы...

Алматыда арнайы зертханадан 100 келі синтетикалық есірткі тәркіленді

Өндіріс Алматының Алатау ауданындағы жеке үйлердің бірінде орналасқан. Онда 32 жастағы ер адам жұмыс істеген. Ол — «химик», орауыш және көтерме саудамен айналысатын адамның қызметтерін атқарған.

Жедел әдіспен алынған ақпарат мұқият тексерілді және расталды. Бірнеше ай бойы «өндіруші» зертхана жұмысын реттеп, онда синтетикалық мефедрон препаратын жасады. Белгілі болғандай, Б. есімді азамат жұмыс берушінің желідегі онлайн нұсқауларын орындады. Куратор оған қажетті шикізаттың жеткізілуін қамтамасыз ете отырып, зертханалық жұмыстарды үйретті. Химик-есірткі сатушы қосалқы бөлмесі бар жеке үйді жалға алды: есірткі зертханасын қораға орналастырды, бас ғимаратта өзі тұрды. Күдікті қылмыстық ұсынысқа жомарт еңбекақының арқасында қызығушылық танытқанын айтады, — деді қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Есірткі сатушы арнайы шара барысында ұсталған. Есірткі зертханасы жойылды. Тінту кезінде ол жерден прекурсорлар, шикізат, сатуға дайын синтетикалық есірткі және шыны ыдыстар түріндегі инвентарь, сұйықтықтары бар полиэтилен канистрлер, пробиркалар, бөтелкелер, таразылар мен электр пештері табылған.

Тәркіленген шикізаттың жалпы салмағы — 100 келі. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, — деді Аханов.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта қылмыстық саланың басқа да байланыстарын орнатуға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.