2023 жылы елімізде мұнай өндіру көлемі артады

Биылғы жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі – 84 миллион тонна. Бұл – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 96,5%. Мұнай өндірудің төмендеуі Қашаған кен орнындағы «Болашақ» зауытындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына, Қарашығанақтан газ жеткізілетін Орынбор газ өңдеу зауытының тоқтауына, сонымен қатар Каспий құбыр консорциумындағы жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Олар 64,8 миллион тонна деңгейіндегі мұнай экспортына теріс әсер етті, өткен жылғы деңгейден 4,1% төмен, — деді Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр келтірген мәлімет бойынша, 2023 жылға арналған мұнай өндіру жоспары – 90,5 миллион тонна, ал экспорт көлемі – 71 миллион тонна.

Мұнай өндіру саласында ірі жобаларды іске асыру бойынша еліміздің 3 негізгі кен орнында жұмыс жалғасады. Теңіз кен орнында мұнай өндіруді жылына 12 миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатыр. Биыл жоба бойынша жұмыстың жалпы ілгерілеуі – 95,2%. Жобаны 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2023 жылы Теңізде ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы аяқталады. Ол келешекте кен орнында жұмыс істейтін зауыттардың өңдеу қуаттарының толық жүктелуін қамтамасыз етеді, — дейді министр.