Прима-балерина Чинара Ализаде қызмет ететін Польшадағы Wielki театрында биыл «Щелкунчик» балеті қойылмаған. Артистің өзі бұл спектакльді көбіне шақырту бойынша билейді.
Осындай ұсыныстың бірі жуырда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрынан түскен, осылайша артист Алматыға алғаш келіп отыр. Ол шақыртуды қуана-қуана қабыл алдым дейді.
Артиске қала да, театр да ұнапты. Чинараны әсіресе, Алматыдағы көрерменнің ықыласы, қошеметі тәнті еткен. Мұны 27 желтоқсандағы қойылымынан кейін өзі айтты.
«Театрдағы көрермен әр елде, тіпті оның әр қаласында ерекшеленіп жатады. Ал мұндағы адамдардың жүзі жылы, ықыласы ерекше екен, өте ұнады. Ғажап әсер алдым. Халық қандай да бір трюкке ілтипат білдіріп, сахнаға шығып келе жатқанның өзінде қол шапалақтап жатты. Сүйсініп қалады екенсің. Халық қолдап-қолпаштаған сайын мен де одан әрі шарықтай түсемін», — дейді Чинара.
Чинара Ализаде Мәскеудің Үлкен театрында 11 жыл жұмыс істеген, ал Варшавадағы ұжымда 7 жылдан бері билеп келеді.
Артистің сөзінше, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының, сахнасының кәсіби мүмкіндігі зор, көп елдігіден көш ілгері. Ол Алматыға келерден бұрын мұны тіпті күтпепті.
«Шыны керек, театр сахнасы, едені мұндай болады деп мүлдем ойламадым. Гастрольдік сапармен көп елді аралаймын, сол кезде бәрінде бірдей еденге арлекин төселмеген болып шығады. Ал бұл — балет артистеріне ең керек нәрсе. Ал Абай театры ғимаратының өзі көздің жауын алатындай әдемі, сахнасы да кең әрі үлкен болып шықты. Театр артистерінің бағы бар деп айтуға болады», — дейді ол.
Польша балеті өкілінің өз театрындағы графигі өте тығыз болған. Ал Алматыға спектакльден бір күн бұрын келген, соның өзінде театр артистерінің жанашыр екенін байқап үлгеріпті.
«Театр артистерімен жақынырақ әңгімелесіп үлгермедім, бірақ бәрінің соншалықты бауырмал, мейірімді екені сезіліп тұр. Сахнаға қайдан шығу керек, боянатын бөлмеге қалай бару керек — бәрін айтып берді. Мұндай мейірбандық театрдың бәрінде бірдей бар деп айта алмаймын. Ал мұндағы ұжымның өте тату екені сүйсіндірді», — дейді артист.
Ал оның әріптесі Владимир Ярошенко Алматыға екінші рет келіп отыр, бұған дейін Астанада да болған.
«Қайта келгеніме қуаныштымын, әдемі қала, әдемі театр, сахнасы да керемет. 2006 жылы Краснодар театрының труппасымен алғаш келгенмін, содан бері қатты өзгеріпті. Әлі қаланы аралап үлгермедік, келгелі дайындық жасадық, Қойылым біткен соң міндетті түрде аралап көреміз деп үміттенемін», — дейді ол.
Ал импрессарио Эльбрус Иманбаевтың айтуына қарағанда, бұл қойылым бар-жоғы 24 күннің ішінде келісіп, дайындалған.
Ұйымдастырушылар Алматының тұрғындары тегіс құлағдар болып үлгермейді деп уайымдағанымен, алғашқы қойылымда залдың 90%-і толған.
«Билеттерді сатуды бастағанда компаниялар «жартысын да сата алмайсыздар, өйткені өте аз уақыт қалды, оның үстіне жаңа жылдық басқа да бағдарлама көп» деді. Алматы Қазақстанның мәдени астанасы ғой, бәрібір қала тұрғындары өнерді, мәдениетті сүйеді. Бүгін де Алматы тұрғындары көптеп келеді деп сенеміз», — деді Эльбрус Иманбаев.
Жобаны Jusan Bank қолдаған. Биыл банк мәдениет және өнер қайраткерлерін, ұйымдарын қолдап, түрлі шара өткізген.
Jusan Bank PR қызметінің бас менеджері Айнұр Тілесованың сөзінше, шетел балетінің жұлдыздары қатысқан «Щелкунчик» те — осы шараның бірі.
«Jusan Bank Алматы тұрғындарына Жаңа жыл қарсаңында керемет көңіл-күй сыйлайтын спектакльді тарту етуді жөн көрді. Біздің шақыртуымызды қабыл алып, алыстан ат терлетіп келген қонақтарымызға көп рақмет айтамыз. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, негізінен Jusan Bank креатив экономиканы дамытуға көп үлес қосып жатыр. Бұл, әрине, банктің стратегиясы аясында мүмкін болып отыр. «Әрбіріңізге сенеміз, саған сенеміз» дейтін ұстанымды түрлі шарада, түрлі бағытта қолдап келеміз. Осы стратегия аясында түрлі қызық коллоборацияларды қолдауға дайынбыз», — деді Айнұр Тілесова.
Қойылымды 27-28 желтоқсан күндері Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрынан тамашалауға болады.