Қазіргі кезде республика бойынша тозған инженерлік желілер көп, кейбір қалаларда осы көрсеткіш 80% дейін жеткен. Мұның барлығын тарифтің есебінен жаңарту жоспарланып отыр.
Келесі жылда, шамамен, екінші жартыжылдықтан бастап тариф жағынан өзгерістер болады. Себебі жеке меншік субъектілерге, содан кейін мемлекеттік меншікте болатын субъектілерге желілерді жаңарту керек. Өздеріңізге мәлім, президент өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты міндет қойды, желілердің тозуын, кемінде, 15% төмендету керек. Біз желілердің тозу көрсеткішін, шамамен, 15-20% төмендетеміз. Тариф көтеріледі, басқа жол жоқ, — деді Қуантыров сенатта өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, әрбір қаладағы желілер мен нысандар жан-жақты зерделенеді. Соған қарай тарифтер де көтеріледі.
Мысалы, Екібастұзда тарифті 2,5 есеге көтеруге ұсыныс берілді. Әрине, ол мүмкін емес. Бірақ біз халықтың жағдайына қарай тарифті көтеру мәселесін талқылаймыз, — деп атап көрсетті Қуантыров.
Тарифті көтеру бағдарламасы жеті жылға есептелген. Осы уақыттың ішінде тарифтер біртіндеп жоғарылайды.
2023 жылы бір бөлігі өседі. Бәлкім, 20 немесе 30%, жалпы республика бойынша емес. Әрбір қаладағы нысандар мен желілердің жағдайына қарай есептеледі, — деді министр.