Басты бетЖаңалықтарПрезидент әлеуметтік...

Президент әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заңға қол қойды

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетсек, аталған заңға сәйкес, мынадай ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылған:

  • жастардың даму индексі;
  • уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар);
  • жастармен жұмыс жөніндегі маман;
  • жастардың еңбек жасақтары.

Сонымен қатар құжат аясында «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Жалпы бұл құжат жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Атап айтсақ, жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған түзетулер қаралған.

Бұдан басқа, мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру үшін заң аясында әлеуметтік блокты шешетін мынадай түзетулер енгізілді:

1) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала 1,5 жасқа дейін жеткенше төлеу;

2) ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70% дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120% дейін жеткізу.

3) әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту;

4) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту.