Жыл басынан бері азық-түлік 22,3% қымбаттаған

24 желтоқсанда үкіметтің цифрлық кеңсесінде премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 22,3%, аптаның қорытындысы бойынша 0,2% өскен. Оның ішінде пияз бағасы 1,7%, қырыққабат – 0,9%, күріш – 0,8%, сүзбе – 0,7%, жұмыртқа мен сүт – 0,5% қымбаттады.

Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының ең көп өсуі Ұлытау облысында (31,4%) және Астана қаласында (25%) байқалды.

Шаккалиевтің сөзінше, баға қалыптасуының бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың құрамы күшейтілген. «4-5 буындық» делдалдардың қызметіне байланысты бөлшек сауда өнімдерінің бағасы іс жүзінде 60% өседі.

Вице министр рұқсат етілген сауда үстемесін (15%) бақылау бөлігінде «үйлердің жанындағы» дүкендермен жұмыс күшейтілгенін айтты. Сонымен қатар нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін республика аумағында тауарларды қадағалау жүйесі жетілдіріліп жатыр.

Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктердің жұмысы қайта форматталғанын атап өтті. «Айналым схемасы» бойынша тәсілдер қайта қаралды: енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады. Бұдан басқа, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып, күшейтілді, өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтін шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту жөніндегі қағидалар бизнеспен келісілді.

Премьер-министр жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сонымен бірге бір ай мерзімінде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.