Вице-министрдің айтуынша, «Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көлік құралын қарамастан міндетті техникалық байқау жүргізгені үшін техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігін күшейтуге қатысты түзету енгізілді.
Осы орайда аталған орталықтарды тізімнен шығару, 3 жылға дейін қызметке тыйым салу және 300 АЕК-ке дейінгі айыппұл салу ескерілген.
Вице-министрдің сөзінше, министрлік жол картасын нақтылау жұмыстары да жүргізілген.
Өзгеріс енгізу аяқталғаннан кейін пилот режимінде автокөліктерде отынды жағудан шыққан газ құрамының Алматы қаласының техникалық байқау орталықтарында белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілмек.
«Аталған шараларды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Онда техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға жанар-жағармай құю станцияларында өткізілетін отынның сапасын бақылау функцияларын, яғни экологиялық стандарттарға сәйкестігін реттеу өкілеттігін беру ескерілген», — деді Серікқали Мұқатаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.