«Тергеу сотының қаулысымен тергеу органдарының 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініші қанағаттандырылды. 2023 жылға дейін күзетпен ұстау түріндегі санкция беру туралы шешім қабылдады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпия түрде жүзеге асырылғандықтан, тергеп-тексеруге қатысты өзге де мәліметтер жарияланбайды», — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылғы 18 желтоқсанда Қаржы мониторингі агенттігі Kozachkov offside Telegram-каналының авторы және «Время» газетінің журналисі Михаил Козачковтың қамауға алынғанын, оны «Елдос Қоспаев ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектесті» деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді.
Қаржы мониторингінің хабарына қарағанда, Қоспаевтың рейдерлік әрекетінен зардап шеккендерге журналист Козачков ақпараттық шабуыл жасаған және бұл үшін 52 миллион теңге алған.
19 желтоқсанда «Әділ сөз» сөз еркіндігін қорғау қоры «Михаил Козачковтың құқықтары өрескел бұзылды, дереу босатылсын» деп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.
Бүгін Қазақстан Бас прокуратурасы журналист Михаил Козачковты қамауға алу ісі бойынша тексеруді бастағанын хабарлады.