Сіздерді І Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу айрықша маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр, — делінген президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы 21 ғасырда Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою рәсімінің осы мерейлі жылда өтуінің зор символдық мәні бар екендігіне назар аудартады.
Сонымен қатар стратегиялық құжат Орталық Азия елдерінің жан-жақты серіктестігін нығайтуға тың серпін беретіндігіне сенім білдіреді.
Менің Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 4-консультативтік кездесуінде елдеріміз туралы хабар тарататын ортақ телеарна ашуды немесе арнайы сайт құруды ұсынғанымды білесіздер. Бүгінгі форумда бұл мәселе де жеке талқыланбақ. Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиа өнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеялары мен жарқын істерін жер жүзіне танытамыз. Бүгінгі алқалы жиын мазмұнды әрі мағыналы өтіп, елдеріміздің сан салалы байланысын нығайта түсетін дәстүрлі басқосуға айналады деп сенемін, — деп атап өтеді Қасым-Жомарт Тоқаев.