Басты бетЖаңалықтарАуыл тұрғындары...

Ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға 2,5%-пен кредит ала алады

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба аясында ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несие ала алады.

Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 миллион теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 миллион теңге, — делінген хабарламада.

Кредитті беру операторларын облыс әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды.

Ұйымдастырушылық жұмысты ескеріп, алғашқы микронесиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды, — делінген хабарламада.

Айта кетері, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталды. Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында бағдарламаны барлық өңірде іске қосуды тапсырды.

2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 52,4 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.