Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялардың әсері туралы айтты

Бүгін Бішкекте өткен жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан президенті экономикалық мәселелерге ерекше тоқталды.

Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7%, дүниежүзілік сауда ұйымы 1% дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді, — деді Тоқаев.

Одақ елдерінде қазан айында инфляция деңгейі 11,5% құрады. Ал негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі.

Мұның бәрі азаматтарымыздың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек, — деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтарының енгізіліп жатқанына қарамастан, ЕАЭО-ның ішкі ынтымақтастығы жаһандық үрдістерден ерекшеленеді және келешекке сенім ұялатады.

Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7% өсіп, 23 миллиард долларға жетті. Бірлескен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр, — деді Тоқаев.