Басты бетЖаңалықтарДепутат айлық...

Депутат айлық есептік көрсеткіштен бас тартуды ұсынды

Депутат әлеуметтік қорғау жүйесінің заңнамалық негізі жаңғырғанына қарамастан халықтың әл-ауқатының айтарлықтай өскені байқалмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, жаңадан әзірленген әлеуметтік кодекс ескірген және ештеңеге негізделмеген әлеуметтік параметрлерді қолданады.

Тәуелсіздік алған кезде енгізілген айлық есептік көрсеткіш әлі қолданылып келеді. Иә, мүмкін ол жоспарлауға ыңғайлы шығар. Бірақ айлық есептік көрсеткіш экономикамен де, жалақымен де байланысты емес. Сол себепті болашақта әлеуметтік төлемдерді бірыңғай көрсеткішті негізге алып аудару ақылға қонымды деп санаймыз. Немесе күнкөріс деңгейі не ең төменгі жалақы, — деді Нұрманбетова мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.

Сонымен қатар әлеуметтік параметрлерді анықтаудың адекватты әдістемелерінің болмауы депутаттардың алаңдаушылығын туғызып отыр.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі шындықтан алыс. Осы жылдың 10 айы ішінде азық-түлік инфляциясы 20%-ке жетіп қалды. Яғни зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі азаматтарды лайықты әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету мүмкіндігін бермейді, — деді депутат.

Сол себепті Нұрманбетова еңбек министрлігіне күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру жұмысын бастауға кеңес берді.