Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
Онлайн платформалар арқылы (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді, — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол әлеуметтік кодекс жобасында әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға мәселесі ескерілгенін айтты.
5 әлеуметтік тәуекелден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе ретінде сақталады. Дегенмен, оның мақсатты міндеті өзгеріске ұшырайды. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, ол азаматтарды ресми түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады. Осыған орайда салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салық жүктемесі ендігі жылы 33%-тен 20%-ке дейін төмендейді, — деді Тамара Дүйсенова.