Іс-шараға мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының депутаттары, бас прокуратураның, ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, партияның өңірлік филиалдарының атқарушы хатшылары және тағы басқалар қатысты.
Отырысты ашқан партия төрағасы Ерлан Қошанов жайылымдық жер мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті.
Былтыр президент игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып алу туралы Үкімет пен бас прокуратураға арнайы тапсырма берген болатын. Бұл жұмысқа Amanat партиясының жанынан құрылған осы біздің «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді ат салысып келеді. Мәселен, бүгінде еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның нақты 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асты, — деді Ерлан Қошанов.
Ол аз уақыт ішінде комиссияның «жедел желісіне» тұрғындардан 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түскенін атап өтті. Оның барлығы жергілікті әкімдіктермен және бейінді министрлікпен бірлесіп мұқият қаралды.
Сонымен қатар партия төрағасы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың негізгі міндеттерін атап өтті. Мәселен, өңірлік комиссиялар мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылау жасауы қажет. Сонымен бірге жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта осындай фактілерге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау керек.
«Жер аманаты» комиссиясының мүшелері әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар отырыс барысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев, заңгер Бақытжан Базарбек, қоғам қайраткерлері Мұрат Әбенов, Ғалым Байтоқ, журналист Мақсат Толықбай, партия филиалдарының атқарушы хатшылары және тағы басқалар сөз сөйледі.