Басты бетЖаңалықтарАжар Ғиният:...

Ажар Ғиният: Биыл халықтың жалпы өлім-жітімі 28% төмендеді

Халықтың денсаулығын нығайту — үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елімізде биыл ресми статистика бойынша денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің оң үрдісі байқалады. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты халықтың денсаулығы күрт нашарлаған болатын. Ол тек Қазақстанда ғана емес, барлық дүниежүзінде байқалған үрдіс. Мәселен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биыл 9 айда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 28% төмендеп отыр, — деді министр.

Оның айтуынша, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішінің шамамен — 32, обырдан – 9, жарақаттан — 4, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім — 33, ал туберкулезден болатын өлім-жітімнің 17% төмендегені байқалады.

Биыл ана өлім-жітімі 3,5 есеге төмендеді. Нәресте өлім-жітімінің абсолюттік саны 200-ден астам балаға төмендеп отыр. Ал аурушаңдық қазіргі алдын алу зерттеулерінің арқасында және ковидтің салдарынан бүгінде өсіп отыр. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруы халықаралық рейтингтерде де байқалады. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары рейтингінде Қазақстан Республикасы позициясының жақсарғаны байқалады. 2020 жылы 193 елдің ішінде Қазақстан 65-ші орынды иеленді. Ал 2022 жылдың басында Біріккен ұлттар ұйымы біздің мемлекетіміздің рейтингін 6 позицияға көтеріп, 59-орынға дейін жақсартты, — деді Ажар Ғиният.