Ауыл тұрғындарының айтуынша, жылу екі аптадан бері жоқ.
Балалар ауырып, сабаққа барудан қалды. Не дұрыстап жуына алмаймыз, не жылына алмаймыз. Бұл мәселе түбегейлі қашан шешіледі, — дейді тұрғындар.
Жылудың болмауына газ қазандығының істен шығуы себеп болған. Ауданның газына жауапты «Тәуекел газ» ЖШС қосымша газ таратқыш шкафтар орнатқан. 28-29 қарашада газдың жұмыс қысымын өлшей отырып, абоненттерге көшеде тексеру жүргізген. Магистральдарды тексеру кезінде конденсаттың пайда болғаны анықталған.
Ақауды жою үшін 30 қарашада сағат 9:00-17:00 аралығында «Тәуекел газ» ЖШС пайдаланушы ұйымы Үмбеталы ауылынан Мыңбаев ауылының соңғы нүктесіне дейінгі орташа қысымды құбырларды үрлейді. Халыққа газды өшіру туралы хабарланды, — делінген Жамбыл ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Ал жергілікті билік бұл проблеманы шешу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатқанын айтады.
Негізі мүлде газ жоқ емес, қысым төмендеген. Әр үйде әр түрлі жағдай. Бүгін 9:00-7:00 аралығында газ өшіріліп, құбырдың бітелген жері анықталып жатыр. Барлық мүмкіндікті қолданып жатырмыз, бұл проблема аудан әкімінің тікелей бақылауында, — делінген хабарламада.