Қазақ халқында «Қыз көру» немесе «Жар таңдау» деп аталатын мұндай дәстүр өзіндік ерекшелігімен көрініс береді. Жігіт үйленер алдында өз теңін іздеп, ұнаған қызды әке-шешесіне айтып, құда түсуді өтінген. Қызды айттыруға келген жігіттің әкесіне қыздың шешесі: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді», «Қызымның ұнағаны рас болса, белгі тастап кет» дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп «құдалықтың басы осы болсын» деп бір жорға ат байлап кететін болған. Ал жігіттің шешесі: ұнатқан қызыңа сыйға тарт деп жасап берген үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткен қызға беріп кетеді. Осындай жоралғыдан кейін ол үйдің қызы – «басы бос емес, үкі таққан қыз» деп атанады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір-бір жарым жыл жігіт жақтан жаушы келгенше күтеді, егер осы уақыт ішінде еш хабар болмаса, қыз әкесі жігіттің әкесіне қамшысын кейін қайтарып береді.
Жастар алдымен өздерінің сезімдерінің тұрақтылығын сынау ретінде сақина салады. Тұрмыс құру, жас отау иелерінің болашақта тату-тәтті өмір кешуі,әдетте жастардың бір-бірін жақсы білуін талап етеді. Екі жас алдамшы сезімнің құрбаны болмай ойы мен ниеті қабысып, өз болашақтарына сенген кезде ғана бас қосулары қажет. Сондықтан да үйлену мәселесі екі жастың үлкен жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Сақина салысу «некенің алды» деп есептелінеді. Болашақ жұбайлар өздерінің жақын туыстары, дос жарандары алдында сақиналарымен алмасады және де бұл сақиналар кейіннен үйлену тойында да қолданылады. Екі жастың некеге отыратыны белгілі болған соң, үйленетін күн белгіленеді.