2022 жылғы EdCrunch конференциясы мектепке дейінгі, мектептегі және жоғары білім мен корпоратив білімдегі инновациялар, EdTech мүмкіндіктері, заманауи әдістемелер сияқты түрлі тақырыпты қамтыды. Жиында дүниежүзінің 25 елінен келген 350 спикер сөйлеп, ал түрлі сессия, панельді дискуссия және мастер-кластарға 5 мыңнан астам адам қатысты. Шараны Алматы әкімдігі, AITAS холдингі, EdCrunch Academy институты және Aman Sultan платформасы ұйымдастырды.

Спикерлер конференция кезінде білім саласына қатысты алуан тақырыпты талқылады. Біз соның елеулі дегендерінен бес трендті іріктеп алдық. 

Peer-to-peer оқыту

Peer-to-peer, яғни білім алатын адамдардың бір мәртебеде білім алуы — оқытудың ең қолайлы әдістерінің бірі. Мұнда оқушы мен мұғалім қатынасы деген жоқ, сәйкесінше вертикал иерархия құрылмайды. Барлығының құқығы тең болуға тиіс. Нәтижесінде әр адам білген-үйренгенін ортаға салып, басқалардан өзіне қажет ақпаратты ала алады.

Әдетте мұғалімдер күніне орай қазақстандық мектептерде жүретін дәстүр бар: оқушылар мектеп басқаруды өз қолына алады, мысалы, жоғары кластағылар төмен кластағы балаларға арнап сабақ өткізеді. Міне, осы peer-to-peer оқытудың бір мысалы.

Оқыту барысын дербестендіру

Дүниежүзіндегі оқу орындарында кең тарап жатқан трендтің бірі – білім алуды дербестендіру, яғни оқушының жеке қабілет-қасиеттерін ескеріп, бағдарлама құру. Бұл адамның тұлғасын ашып, дамытуға, оның мүмкіндігін ескеруге және оған қолайлы әдіспен ақпарат ұсынуға жол аша алады.

«Оқыту барысында бірінші орында баға немесе тест нәтижесі емес, оқушының алған тәжірибесі тұруы керек. Бұл ретте қоршаған ортаның маңызы аса жоғары және баланың айтқан сөзі діттеген жерге жеткенін, оны ересектердің қолдайтынын, қай жерде артық не кемшін түсіп жатқанын білуі де үлкен рөлге ие», — дейді инновациялық оқыту саласындағы сарапшы Кен Шелтон.

Кен Шелтон
Кен Шелтон. Фото EdCrunch конференциясын ұйымдастырушылардан

Педагогикалық дизайн

Оқушылар мен студенттерге сапалы білім беру қажеттілігі артқан сайын дәстүрлі оқыту әдіс-құралдары өзектілігін жоғалта бастағаны байқалады. Нәтижесінде педагогикалық дизайн атты жаңа сала пайда болды. Оның мақсаты – заманауи технология мен жетістікті пайдаланып, білім берудің жаңа әдістемелерін жасау. Осының арқасында жаңа немесе нақты бір салаларға баса мән беріледі және оқыту барысы қайта қаралады деген болжам бар. Мәселен, бұл қатарға гуманитар және жаратылыстану ілімдерін қатар қолдана отырып, сабақ беру де кіреді.

«Креатив, математика және этика – болашақтағы білім берудің үш негізгі аспектісі. Креатив – цифрлық жүйелер ешқашан жасай алмайтын нәрсе, математика – цифрлық заттардың негізі, ал этика — оларды байланыстыратын дүние. Адамды оқыту және дамыту үшін осы үш бағыт қажет, – деді AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев.

Серік Толықпаев
Серік Толықпаев. Фото EdCrunch конференциясын ұйымдастырушылардан

Зерттеу түрінде білім алу

Педагогика дизайнері және халықаралық білім жөніндегі маман Исаи Эрнандес Агилардың айтуынша, заманауи оқу процесін өзгерту қажет. Оқушылар мен студенттер берілген материалды оқып қана қоймай, білгенін нақты қай салада қандай мақсатпен қолдана алатынын жете түсінуге тиіс. Теориялық ақпаратты құр жаттап алмай, өз бетінше талдау, зерттеу жүргізуі керек. Сонда білім алушы бағдарламаны жай ғана игеріп қоймай, қосымша мүмкіндіктер жайлы да хабардар болады.

Жасанды сана

Сарапшылардың айтуынша, жасанды сана технологиялары білім саласына келуі ұстаздар үшін де, оқушы-студенттер үшін де пайдалы болмақ. Мәселен, нақты бір адамның білім алатын жеке жоспарын «сызып» бере алады, оның қабілетіне сай келетін материалды іріктеп ұсынады және орындалған тапсырмаларды тексереді. Сонымен қатар жасанды сана мүгедектігі бар немесе алыс аймақтарды тұратын оқушылар үшін де қолайлы болуы ықтимал. Бұл, мысалы, Қазақстанда ауыл мен қаладағы білім беру айырмашылығын қысқартуға көмектесе алады.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, қазір мұндай айырмашылық мәселесі аса өзекті болып тұр екен.

«Мәселен, қалада оқитын оқушы талантын, қандай да бір салаға бейім екенін мектепте аша алмаса, қосымша тренингтерге, үйірмелерге, оқушылар сарайы сияқты орындарға бара алады. Ал ауылдағы баланың мектептен өзге өсіретін, дамытатын жері жоқ. Сондықтан жаңа технологияларды пайдалана отырып, ауылдық мектептердің сапасын арттырып, мүмкіндігін кеңейтуіміз керек», — дейді Данияр Тоқтарбаев.