Басты бетТүйіндемені қалай...

Түйіндемені қалай дұрыс жазу керек?

1. Түйіндеменің шекесіне «Резюме», «Түйіндеме», C Vдеп жазылмайды. Жұмысқа қабылдаушы, оның резюме екенін мұндай атаусыз-ақ түсінеді.

2. Түйіндеме 2 беттен артық жазылмайды.

3. Түйіндемеде жұмыс талабына тікелей қатысы жоқ мəлімет жазылмайды. Бұл сіздің өмірбаян емес. Тиісінше, өміріңіздегі барлық детальдың болуы міндет емес.

4. Шрифтерінің өлшемі, түсі, түрі əртүрлі болмайды. Ол бір стильде жазылып, бір форматта болуы тиіс.

5. Грамматикалық жəне орфографиялық қателерге жол жоқ. Елестетіңіз, газет тілшісі қызметіне түйіндеме ұсынып жас маман келіп тұр. Нағыз грамматикамен айналысатын қызмет. Қате болса, жұмыс беруші не ойлайды?

6. Еуропалық Одақ аумағында түйіндемеде отбасылық жағдайы, жасы деген бөлімдер жоқ. Бізде бұл қалыпты көрінгенімен, батыс мұны дискриминация жасауға апаруы мүмкін мəлімет деп көреді.

7. Бір түйіндемені барлық вакансияға жібере беруге болмайды. Вакантты орынның талаптарына байланысты, оны да өңдеп, толықтырып отыруға тура келеді.

8. Білім, жұмыс тəжірибесі тарихи хронология бойынша жазылмайды. Яғни, бірінші мектеп, сосын бакалавр, сосын бар болса, магистратура емес, керісінше, ең соңғы тəжірибе не білімнен басталып, кері қарай жазылады. Мысалы, магистратура, бакалавр, сосын мектеп.

9. Қабілеттер, тіл білімі жалпы сөздермен жазылмайды. Бізде көп адамдар түйіндемеге «Ағылшын тілі, сөздікпен» деп жазады. Бұл көшеде сөздік ұстап жүріп тіл табысуды білдіре ме? Əлде, сөздіксіз ештеңе түсінбейтінін бе? Еуропалық стандартта тіл білімін көрсететін нақты стандарт сияқты сөздер қалыптасқан: Limited Working Proficiency, General Professional Proficiency, т.б.

10. Білім алған оқу орындары мен жұмыс істеген позицияларды санамалап шығу жеткіліксіз. Нақты осы жұмысқа қатысты болған маңызды тəжірибелерді кеңірек ашып көрсетуге болады.

11. Негатив жазылмайды. Мəселен, «мен мынадай салада оқыдым, алайда ол салаға барғым келмейді, сондықтан сіздің салада бақ сынағым келеді» деп жазбау керек.

12. Маңызды мəліметтер екінші бетке қалдырылмайды. Алдында жүздеген түйіндеме жатқан жұмысқа қабылдаушы оның біреуін қарау үшін қанша уақыт жұмсауы мүмкін? 30 секунд? 1 минут? Сондықтан барлық маңызды мәліметті бірінші бетке жазыңыз.

13. Өзіңізді асыра сипаттауға да, жетеріне жеткізбей сипаттауға да болмайды. Бірінші жағдайда, қатты мақтанады екен деуі мүмкін, екінші жағдайда, сіздің бар қабілеттеріңіз ашылмай қалуы ықтимал.

14. Электронды поштаңызды аты-жөніңізбен ашқаныңыз дұрыс. Бұл түйіндемеңіз үшін де пайдалы. Себебі [email protected], [email protected][email protected] деген пошталар сізді жеңілтек адам ретінде көрсетуі мүмкін.

Рахат Жақсыбай