Қазақстанда күнбағыс майының өндірісі бір жылда 46% өсті

Қазақстанда өткен жылы 960,5 мың гектар болған күнбағыс тұқымына арналған егіс алқабы биыл 1 миллион гектарға дейін ұлғайды.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, егін жинау аяқтауға жақын, бүгінгі күні фермерлер бұл дақылдың егіс алқаптарының 96%-ін жинап, шамамен 1,2 миллион тонна күнбағыс бастырды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп.

Сонымен қатар күнбағыс майын өндіру көлемі өсіп келеді. Биылғы қыркүйекке қарай кәсіпорындар 352,3 мың тонна шығарды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 46,3%-ке артық. Отандық күнбағыс майының бір бөлігі экспортқа шығарылады. 2022 жылдың басынан бастап шетелге 173,1 мың тонна өнім сатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп, — делінген хабарламада.