Шымкенттің әкімі «Shymkent city» орталығын салуды ұсынды

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму концепциясын ұсынды. Аталған құжатта Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жәй-күйіне салыстырмалы талдау жасалынып, негізгі көрсеткіштердің даму динамикасы, өзекті мәселелер және қаланың 2020 жылға дейінгі перспективалары көрсетілген. Даму тұжырымдамасында қала әкімдігінің негізгі мақсаты, яғни республикадағы үшінші ірі қала мәртебесіне лайықты орын қамтамасыз ету, ондағы тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Жиынға қатысушылар презентация барысында шаһарымыздың алдағы 5 жылда жүзеге асатын болашақ жоспарларымен танысты.

Ұсынылған құжат Елбасының Қазақстан халқына жолдауларындағы басым бағыттары негізінде дайындалған. Бұл концепцияның түпкілікті мақсаты—Шымкент қаласын тұрғындарға ыңғайлы және қонақтарға тартымды етіп көрсететін республикадағы заманауи мегополиске айналдыру. Бұл жолда қала әкімі Ғ.Әбдірахымов мынадай міндеттерді ортаға қойды.

Бірінші: қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу;

Екінші: қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру;

Үшінші: қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру.

Жиында қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов: «Қала экономикасына инвестициялар тарту үшін бізге жаңа жобалар қажет. Осы ретте, Тұран шағынауданының солтүстік-батыс бөлігінен «SHYMKENT CITY» заманауи тұрғын және іскерлік орталығын салуды ұсынамын. Ол үшін алаңы 412,0 га жерді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізіп, инвесторларды ынталандыру қажет. Осы мақсатта арнайы заңға өзгерістер енгізу жөнінде Үкіметке ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданының егжей-тегжей жоспарлау жабасына өзгерістер енгізіп, инженерлік коммуникациялық жүйелердің құрылысын салу қажет», — деді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Шымкент қаласына деген ықыласы өзгеше. Олай дейтініміз, әр реткі сапарында Шымшаһарға қатысты нақыл сөздер айтып, үшінші қаланың абырой-беделін көтеріп келеді. Кезекті бір сөзінде: «Шымкент – сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы – Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады», — деген болатын.

Шымкент қаласы жыл өткен сайын кеңейіп, еліміздің ірі экономикалық, аграрлық қаласына айналуда. Бұл ретте шаһар басшысы қызметке кіріскен 3 ай ішінде қаладағы түйіткілді мәселелермен танысып, оның оң шешім табуына ықпал етіп келеді. Сонымен қатар, Ғ.Әбдірахымов түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен кездесіп, әр қайсысының пікірлерін назарға ала отырып, Шымкент қаласының гүлденуіне, қарыштап дамуына қажетті ұсыныс, тілектерді өз қадағалуына алып келеді. Әсіресе, жоба дайындау барысында жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Қорытындысы бойынша, сауалнама қатысушыларының басым бөлігі жұмыссыздық туралы пікірлерін білдірді. Бірі-медициналық көмек көрсету қызметіне көңілі толмаса, тағы бір бөлігі қала жолдарының сапасы сын көтермейтіндігімен жеткізді. Экология, жол қауіпсіздігін сақтау және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану секілді мәселелер де күн тәртібінен түскен емес.

Шымкент жасыл желекті қала. Сондықтан, қаланы көгалдандыру концепциясын назардан тыс қалдыруға болмайды. Шымкент тек қала тұрғындарының ғана емес, инвесторлар мен туристтердің де сүйікті қаласына айналуы керек. Алдағы 5 жылда Шымшаһар республикаға жаңаша қарқынды дамуымен танылады. Соның ішінде Бадам өзенінің жағалауы Шымкенттіктердің демалыс аймағына айналады.