Ақгүл Амантайқызының сөзінше, бала дүниеге келген сәттен-ақ бойында қорқыныш болады. Ол ересек қатарына қосылғанша қиялы дамып, түрлі үреймен күресіп өседі. Психолог баланың қорқынышын еркелікке балап, бейжай қарамауға кеңес берді. Өйткені сіз елемеген нәрсе психологиялық дертке де айналуы мүмкін.
«Жаңа туған нәресте дағдарысы»
Тоғыз ай бойы құрсақта жатып, тыныштық пен қауіпсіздікке үйренген бала жаңа әлемнен қорқады. Бұл кезең психологияда «Жаңа туған нәресте дағдарысы» деп аталады. Байқасаңыздар, бала әуеліде мазасызданып, еш себепсіз де жылап жатады. Анасы қолына алса, тыныштала қалады. Бұл — оның қауіпсіз, жайлы орын іздеуге деген талпынысы және ол мұны анасының құшағынан табады. Бұл — баладағы алғашқы қорқыныш. Өзге қорқыныштармен де дәл осылай жұмыс істеу керек. Құшағыңызға алып, қауіпсіздік сезімін сыйлағандай, өзге нәрседен қорыққанда да, бірден оны қорғайтыныңызды, оған қауіпсіз орта сыйлай алатыныңызды сездіру маңызды.
Баланың бірдеңеден қорқуы — оның дамуының, өсуінің белгісі. Тіпті қорқыныш оның жас ерекшелігіне де қарай бөлінеді екен.
Баланың туғанына 8-9 ай толғанда бөтен адамдардан қорқа бастайды. Жатырқау сезімі пайда болып, бөтен адамға барғысы келмей мазасызданады. Бала өз отбасындағы кісілерді бөтен адамдардан ажырата алады. Бұл — қалыпты нәрсе, тіпті оның даму белгісі. Осылайша, бала үш жасқа дейін ата-анасынан ажырап қалудан қорқады.
Бала 3-5 жас аралығында мультфильдер мен фильмдерді көріп, санасында түрлі қорқынышты кейіпкер пайда болады. Осылайша, қорқынышын қиялдан құрастырып алады. Түрлі апатты, өрт пен өлімді біле бастайды.
6-8 жас аралығында бала қараңғыдан, жалғыз қалудан қорқатынын айтуы мүмкін.
Ал 9-13 жас кезінде баланың өзі ойдан шығарып алған қорқыныштары ұмытылып, әлеуметтік қорқыныш пайда болады. Ол сырт келбетін уайымдап, өзгелердің сынынан қорқуы мүмкін.
«Диван астындағы құбыжықтар»
Ата-ана баласының әр даму кезеңінде бір қорқыныш болатынын, уақыт өте мұның ұмытылатынын есте ұстау керек. Оның бәрі өткінші, бірақ кейде бұл психологиялық ауытқуға ұшыратуы мүмкін. Баланың мінез-құлқына мән берген абзал. Қатты күйгелектеніп, қорқыныштан талып қалатын жағдай болса, көп созбай маман көмегіне жүгіну керек.
Бастысы — балаға дер кезінде көмектесу. Балаңыз «Диван астынан құбыжық шығады», «Жанымда ұйықта», «Құбыжық жеп қояды» деп келгенде мұны еркелікке балап, елемей қоюға болмайды. Жанында болыңыз, құбыжық жай ғана қиялы екенін айтып, ұйықтар алдында жақсы әңгіме айтып беріңіз.
Кейде балалар қорқынышты түс көріп, кейін көпке дейін ұйықтаудан қорқып жүреді. Мұндайда балаға түс деген не екенін түсіндіру керек. Түс пен шынайы өмірдің аражігін ажыратып беріп, оның аса қорқынышты емес екенін айтуға тиіссіз. Ең жақсысы — баламен бірге ізденіп, түс жайлы бірге видео қарап, кітапты да оның көзінше оқыңыз. Ұйықтар алдындағы әрекет те баланың түсіне әсер етеді.
Жайлы жағдай жасап, ертегі оқып беріңіз. Іштей жақсы тілек тілеп жатуды үйретіңіз. Баланы дәл ұйықтар алдында жылатпаған жөн. Оны күйзеліске түсіретін жағдайлар да ұйықтар алдында болмауы керек. Мұның бәрі дер кезінде ескерілмесе, бала бір күні ұйықтаудың өзінен қорқып қалуы мүмкін.
Өлімнен қорқу
Бала 5 жастан асқанда өлім туралы біле бастайды. Біреудің өлгенін естіп-ақ, күйзеліске түсуі мүмкін. Мұндайда өлім дегеннің не екенін, бәріміз бір күні өлетінімізді түсіндіру керек.
Бір ата ауырып қайтыс болды делік. Мұны естіген бала өзінің жай ғана түшкіруінің де түбі өліммен бітеді деп ойлауы мүмкін. Сондықтан бәрін ашып айтып, атаның қатты ауырғанын, қартайғанын тәптіштеп түсіндіру маңызды.
Қорқынышпен жұмыс бір реттік түсіндірумен бітпейді. Бала ойы бекіп, сол тұжырымға сенуі үшін де бір оқиға жайлы қайталап сұрай беруі мүмкін. Сіз де бетін қақпаңыз, қанша рет сұраса, сонша рет түсіндіріңіз. Бастысы — әңгімелесу.
Бұдан да абзал әдіс — балаға ұзақ өмір сүрудің амалын түсіндіру. «Дұрыс тамақтан», «Спортпен шұғылдан», «Көп жақсылық жаса» деген сияқты кеңес беріп, дұрыс әдет қалыптастыруға да себеп боламыз. Осылайша, баланың өлім жайлы қорқынышы да сейіліп, ұзақ өмір сүруге құлшынысы артады.
Ата-ана баланың үрейін үдетпей, қалай көмектесе алады?
Ата-ана бала қорқынышын үдетіп алмауы керек. Қорқатынын айтып, сеніп келіп тұрған баланың бетін қақпау керек. «Иә, балам, қорқып тұрғаныңды білемін. Келе ғой» деп құшақтап, балаға қолдау білдіру маңызды. Ата-ана мықты қолдау көрсете алса, бала кез келген қорқынышты оңай жеңеді.
Көп ата-ана баланың сезімін құнсыздандырып, қателік жасап жатады. «Ой, осыдан да қорқасың ба?», «Сенің жасыңда мұндайдан қорықпайтынмын» деп баланың сезімін жоққа шығаруға болмайды.
Бәріміз бала болдық. Бәріміз түрлі нәрседен қорықтық. Қазір ересек адамбыз, бірақ бәрібір бірнәрседен қорқуымыз мүмкін. Ондайды тек ең жақынымызға айтамыз ғой. Сол жақыныңыз «Ой, қойшы, қорқатын нәрсе емес қой» десе, ол адамға суып қаласыз. Сырласқыңыз келмей, алыстап та кетесіз. Ал ішіңіздегі мазасыздық күшейе түседі. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та осылай құрылады. Сондықтан әу бастан баланың сезімін бағалап, әр сөзін мән беріп тыңдаңыз. Қорқынышын айтса, көмектесеңіз. Кезінде өзіңіз де бала болғаныңызды, дәл сол қорқынышты қалай жеңгеніңізді айтып беріңіз. Осылай қарым-қатынас та беки түседі.
Ата-аналардың екінші тобы — баласы қорыққанынан қорқатындар. Қазір көмекке жүгінетіндердің көбі осындай мәселемен келеді. Бұлай болмауы керек. Ата-ана ересек адам позициясын ұстанып, мәселені шешуге ұмтылғаны жөн. Онсыз да қорқып тұрған бала ата-анасына келіп, айнаға қарағандай сезімде болса, баланың қорқынышы еселене түседі.
Ата-ана атанған күн — тағы бір жан өмірі үшін жауапкершілік алған күн. Бала шақтағы қорқыныш — алғашқы отбасылық күрес деуге болады. Баланың қорқынышынан арылуы бір күнде бітетін шаруа емес екенін есте ұстаған жөн. Мұның бәрі байыппен, баяу әңгімелесумен шешіледі. Күрес дейтіндей қиын да нәрсе емес. Бастысы, балаға қолдау көрсете алатыныңызды түсіндіре алуыңыз жеткілікті.