Назарбаев Cатыбалдыға қатысты сот үкімін «әділ» деп есептейді

«Менің ойымша, сот шешімі әділ болды. Әділетсіз деп есептесе, шағым беруі керек, сот шешеді», — деді Қазақстанның бұрынғы президенті.

Еске салайық, 26 қыркүйекте экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталды. Сот оның мүлкін тәркілеп, генерал-майор атағы мен ордендерінен айырды және мемлекеттік қызметте 10 жыл жұмыс істеуіне тыйым салды. Сот оның кінәсін мойындағанын, келтірген залалды өтегенін, кәмелетке толмаған балалары барын және істі ашуға белсене араласқанын ескеріп, осындай шешім шығарған.

Сотта Қайрат Сатыбалдыұлының «Қазақтелеком» мен «Көлік сервис орталығы» компанияларынан ақша ұрлағаны дәлелденді. Ол екі компанияға жиыны 40 миллиард теңгені қайтарған.