Басты бетҚоғамАнтикор Сатыбалдының...

Антикор Сатыбалдының туысы Байсейітовке іздеу жариялады

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы) және «Iri building» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты 2019-2021жж. кезеңінде Қаратау кенішінде (Түркістан облысы Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде ақша қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Тергеу барысында Бақтияр Байсейітов Қайрат Сатыбалдымен туыс екенін қолданып, бақылауындағы компанияны Iri building ЖШС лоббилендіріп отырғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметіне қарағанда, «Қаратау» ЖШС кәсіпорны квазимемлекеттік сектор субъектісімен 2019 жылы «Қаратау» кеніші бойынша 6,2 миллиард теңге сомасына құрылыс жұмысына шарт жасасқан. Бақтияр Байсейітов Iri building ЖШС қызметін тікелей басқарып, объектінің құрылысына түсетін ақшалай қаражатты бөліп отырған. Алайда жабдықтың бір бөлігі жеткізілмеген, ал оған  бөлінген қаражат заңсыз шығарылған және ұрланған.

Мемлекетке келтірілген залал 320 миллион теңгеден асты.

Бақтияр Байсейітов қазіргі уақытта Қазақстаннан тыс жерде. Сонымен бірге Байсейітовтің өзге де қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Антикор оның қайда екенін айтқан азаматтарға сыйақы береді.

Еске салайық, 2022 жылғы наурызда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға «Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру» және «Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау» баптары бойынша айып тағылды.

2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан соты Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеу туралы үкім кескен. Ол енді кемінде 10 жылға дейін мемлекеттік қызметте істей алмайды.