Жамбылдық отбасы дәретханадан табылған сәбиді асырап алуға ниетті

Ақжолтай жаңалықпен жергілікті журналист Құралай Сейсенбекқызы өзінің Facebook-тегі жеке парақшасына бөліскен екен.

Өмірге келмей жатып, тағдырдың тәлкегіне түскен кішкентай Шұғыланың жайына қанық болған отбасы – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары Елена және Ескендір Ахметовтер. Отау құрғандарына 4 жылдан астам уақыт өтсе де өз балалары болмаған жұбайлар дәтерханада туылған шақалақты асырап алуға бел буған.

“Нәрестені бейнероликтен көргелі жан дүнием күйзелісте жүр. Жұбайым екеуміз сол баланы асырап алып, бауырымызға басқымыз келеді. Еленаны «ана», мені «әке» деп атаса дейміз. Хадисте: «Жетімнің басынан сипаған адам, қолы тиген шаштарының санындай сауапқа қауышады» деуші еді. Сол қызды бесігімізге бөлеп, құшағымызға бассақ деген тілек бар. Бала асырау жөніндегі қажетті құжаттармен таныстым. Енді сол сәттің ертерек туып, құжат дайындау барысында билік өкілдері тарапынан көмек қолдау болса деген өтінішімді жеткізгім келеді”, – дейді Ескендір Ахметов.

Дәрігерлер Шұғыла деп ат берген бөбек 7 қаңтар күні Тараз қаласының іргесінде орналасқан қоғамдық дәретханалардың бірінен табылған болатын. Оны сол маңнан кездейсоқ өткен көлік жүргізушілері байқап қалып, құтқарушыларды шақырған.

Баласын әжетханаға босанып, тастап кеткен көкек ананы полицейлер бес күннен соң әрең тапты. Жамбылдағы ай-күні жақындаған барлық жүкті әйелдердің тізімі алынып, тәртіп сақшылары оларды үйме-үй түгел тексеріп шыққан. Сөйтіп, Шұғыланың анасы Тұрар Рысқұлов ауданының 21 жастағы тұрғыны екені анықталды. Екі жастағы қызы бар келіншек ажырасқан екен. Дегенмен күйеуімен байланыста жүріп, ақыры жүкті болып қалған. Өзі туыстарына қарайтын бет қалмаған соң осындай қатыгездікке бардым деп ақталды.

Қазіргі таңда тасжүрек ананың ата-аналық құқынан айыру мәселесі қарастырылуда. Ал көрер жарығы бар сәби әзірге ауруханада жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін жол бойындағы дәретханадан жаңа туылған нәрестенің табылғаны жайлы, кейіннен  анасының ұсталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Дереккөзturkystan.kz