Басты бетЖаңалықтарМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесті

Мемлекет басшысы Алматы еліміздің ғылым мен білім ордаларының бірі екенін атап өтті.

Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымдарымыз академия қабырғасында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді президент.

Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген өнім шығаратынына, қызмет көрсететініне тоқталды.

Олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық, – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.

Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Кейінгі жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жеріміздің түрлі ресурсқа бай екенін, Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент кездесетінін айтты.

Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау, – деді президент.

Тоқаев, Алматы студенттері
Фото: t.me/bort_01

Сонымен қатар мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыруға және отандық жоғары оқу орындарына озық халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық берілетінін айтты.

Менің тапсырмам бойынша шетелдік жетекші университеттермен академиялық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміздің түрлі қаласындағы отандық жоғары оқу орындары базасында ресейлік бірнеше ірі университеттің филиалдары ашылды. Ал Петропавлдағы Kozybayev University оқу орнында 175 студент Аризона университетінің бағдарламасымен білім ала бастады. Жуырда Қазақстанда Ұлыбритания, Германия, Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея және АҚШ жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Әлемдік білім беру жүйесіне қосылу жоғары оқу орындарымыздың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы студенттермен қатар еліміздің білім беру жүйесінде педагог та басты тұлғаға айналуға тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар бұл мәртебелі мамандық иесінің беделін арттырудың ерекше маңызы бар екенін айтты.

Үкімет 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылардың, сонымен қатар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдардың еңбекақысын ұлғайту механизмдерін пысықтауы керек. Біз барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін қоғам құрып жатырмыз. Сондықтан мемлекет сапалы жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін нақты шаралар қабылдайды, – деді президент.