2023 жылы республикалық бюджет түсімдері 37% артады

Республикалық бюджет пен ұлттық қордың жоспарлы жылдарға арналған параметрлерін қалыптастыру барысында мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттері іске асырылды. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалды, — деді ол.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, республикалық бюджеттің кірістері 2023 жылы биылғы нақтыланған жоспарынан 37% өсумен жалпы ішкі өнімге қатысты 11,5% деңгейінде болжанады. Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 17,2% өсуі күтіледі.

Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сонымен қатар көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша үкіметпен қабылданып жатқан іс-шаралар есебінен қамтамасыз етілетін болады, — деді министр.