Біріншіден, олар элитар емес, яғни қарапайым ауыл оқушылары ешқандай іріктеу-байқаусыз түсіп оқиды. Екіншіден, толық жабдықталған әрі аудан орталығында орналасқан мұндай тірек мектептер шеткері жатқан, шалғай орналасқан шағын мектептерге көмектесіп, дамуына үлес қоса алады. Үшіншіден…

«…Үшіншіден, Қазақстандағы барлық мектептің шамамен 70%-і ауылда орналасқан, – дейді Білім саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев. – Оның үстіне, қалада оқитын бала мектептен бөлек түрлі үйірме-секцияға, қосымша ақылы сабақтарға, Оқушылар сарайы сияқты арнайы мекемелерге бара алады. Ал ауыл баласы мектептен басқа қайда барады? Бойындағы талантын, қабілетін қайтсе танып, жетілдіреді? Сондықтан басқа емес, дәл осы ауыл мектептеріне мән берген, олардың дамуына көмектескен үлкен маңызға ие».

Даниярдың айтуынша, Білім саласын тұрақты дамыту қоры осы мақсатта құрылған.

«Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры бар. Біз осы ұйымның бір бағыты ретінде дамып келдік те, кейін бөлек білім бағытындағы қор түрінде құрылдық. Жалпы, ауылдық аймақтарды дамыту туралы ойды жүзеге асырып жүрген тұлға – Серік Толықпаев. Кәсіпкер, AITAS холдингінің негізін қалаушы. Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданының тумасы. Әу баста осы туған аймағына көмектесу үшін жоғарыда аталған қорды құрған. Кейін бұл қоғамдық істің ауқымы ұлғайып, басқа аудандарды қамти бастады», – дейді ол.

Басқа аудандардың қатарына Катонқарағаймен бірге Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан, сонымен бірге Ақмола облысындағы Бұланды аудандары кіріпті. Себебі бұл екі аймақта AITAS холдингі құрамындағы Өскемен және Макинск құс фабрикалары орналасқан.

«Біздің холдинг мақсат-міндетіміз қандай, құндылықтарымызға не кіреді деген дүниеге баса мән береді. Одан бөлек, AITAS-тың стратегия мен бизнестегі басым бағыты ретінде адами капиталды дамытуды атаймыз. Дәл осы себепті ауылды дамытуға арналған қорларды құрып, қолдау білдіріп отырмыз. Осы жұмысымыздың арқасында ауылдық жерлерге арналған ең тамаша шешімдерді өзге мүдделес тұлғалармен, топтармен бірлесе дайындап, жүзеге асыра аламыз деген сенімдеміз», – дейді AITAS холдингінің басшысы әрі Тұрақты даму қорларының құрылтайшысы Серік Толықпаев.

Cерік Толықпаев. Фото: AITAS холдингінің PR қызметі

Кәсіпкердің сөзінше, ауылда тұратын адамдарға жайлы өмір сүру үшін не бере аламыз деген сұраққа берілген жауаптың бірі «ауыл мектебі мен қала мектебінің білім сапасындағы алшақтықты қысқарту» болған екен.

«Себебі ауылдағы білім сапасының төмендігі – жергілікті тұрғындарды қалаға көшуге мәжбүрлейтін триггердің бірі. Біздің азаматтар өзі үшін емес, балам жақсы білім алсын деп қалаға көшіп кетеді. Міне, осы проблеманы шешуге үлес қосу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басшылығымен бірлесе отырып, «Ауыл мектебі» жобасын іске қостық», – дейді Серік Толықпаев.

Осы мақсатта 2019 жылы алғашқы бес мектеп белгіленіп, оларды қолдауға Серік Толықпаев пен AITAS холдингі 1 миллиард теңге қаражат бөліпті. Жүзеге асыратын оператор ретінде Білім саласын тұрақты дамыту қоры, ал серіктес болып Назарбаев Зияткерлік мектептері белгіленеді.

«Аймақта бір мықты мектеп болса, қалған мектептер соған ілесіп кетеді деген тезисті басшылыққа алып, бес мектепті белгілеген соң НЗМ оларға толық сараптама жасады және мектептің инфрақұрылымы, білім сапасының бүгінгі жағдайы мен оны өзгерту жолдары, мектептің жергілікті қоғаммен байланыс деңгейі деген үш бағытта ұсыныс әзірледі. Біз осы құжаттың негізінде мектептердің үшжылдық даму жоспарын жазып, жұмысты бастап кеттік», – деп еске алды Білім саласын тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев.

Данияр Тоқтарбаев
Данияр Тоқтарбаев. Фото: AITAS холдингінің PR қызметі

Оның сөзіне қарағанда, «Ауыл мектебі» жобасына кіретін мектептерге екі деңгейде қолдау жасалады екен. Біріншісі – әдістемелік қолдау, яғни мұғалімдердің білігін арттыру, курстар, семинарлар мен мастер-кластарын ұйымдастыру. Екіншісі – мектептің материалдық-техникалық базасын толықтай жаңарту.

«Мектептерге кітапхана, сонымен бірге инженерия, көркем өнер, аспаздық шеберханаларын ашып береміз, бұған қоса робототехника, информатика кабинеттерін жаңартамыз. Сонымен қатар физика, химия, биология, география сияқты жаратылыстану кабинеттерін де, гуманитарлық пәндер кластарын да, бастауыш мектепті де жаңартамыз. Бұл жұмыспен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептері ауыл мұғалімдердің білігін арттыруға арналған түрлі шара өткізіп жатады. Мұның бәрі баланың сабақтан қалмауына, қашпауына көмектеседі, оның білім алуға деген қызығушылығы артады» , – дейді қор басшысы.

Назарбаев Зияткерлік мектептері өз сараптамасы мен қызметін тегін ұсынады екен. Мәселен, 2022 жылдың қараша айының басында Семей, Көкшетау, Атырау және Түркістанда жүздеген ауыл мұғалімі қатысқан оқыту курстары жүріпті. Ал түрлі семинар-курсты ұйымдастыруға кететін шығынды AITAS холдингі өтеп береді.

«Осы жылы жобаға «Қазақстан халқына» қоры қолдау білдірді. Бұл ұйыммен бірігіп біз тағы 17 мектепте «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске қостық, яғни жақын арада барлығы 22 мектептің мұғалімдері үздік әдістемелік материалды игереді, ал оқу орындарының материалдық-техникалық базасы толық жаңартылады», – холдинг басшысы Серік Толықпаев.

Жалпы алғанда, «Қазақстан халқына» қоры 4,25 миллиард теңге қаражат бөліп отыр. Оның 2 миллиард теңгесін Beeline Қазақстан компаниясы бағыттаған. Бұл қаражат «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасына қатысатын 17 мектептің материалдық базасын жаңартуға жұмсалмақ.

«2020 жылы алғашқы нәтижені көрген кезде «бұл жобаны үлкен бағдарлама ретінде Қазақстанның 165 ауылдық аймағында дамытуға болады» деп ойлаған едік. Ауылдық аймақтың, оның ішінде ауылдағы білімнің дамуына үлес қосқысы келетін демеушілер бар. Шын ниетпен араласқысы келеді. Осындай серіктес-әріптестердің көмегімен әр аймақта кем дегенде бір тірек мектебін жаңартып, дамытып отырамыз деген жоспарымыз бар», – дейді Серік Толықпаев.

Мақаламыздың басындағы Павлодар облысы Ертіс ауылының №4 мектебі есіңізде ме? «Ауыл мектебі» жобасының аясында бұл оқу орны да әдістемелік және қаржылай қолдау алыпты. Кеше, яғни 8 қарашада осыған орай мектепте Ашық есік күні ұйымдастырылған. Онда мектептің жаңартылған базасы таныстырылды, сонымен бірге қандай істер атқарылғаны айтылды.

Ертіс ауылындағы жаңарған №4 мектеп

«Қазақстан халқына» бөлген 250 миллионға жуық қаражат мектептің барлық 34 кабинетін толық жаңартуға жұмсалған.

«Бұдан бөлек STEM-зертхана, арт-студия, хореография залы сияқты қосымша білім беру орындары жабдықталды. Тіпті өз телестудиясы да бар, ол болашақта мектеп тәжірибесін аудандағы басқа шағын мектептерге бөлісуге көмектеседі», – дейді Данияр Тоқтарбаев.

Жақын арада Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарында және басқа аймақтарда осындай мектептер оқушылар мен ұстаздардың пайдаланылуына берілмек.