Данагүл Науханова:

Университетте бұған дейін сторителлингті, очеркті, сұхбатты нақты мысалдармен түсіндірмеген еді. Мысалы, сторителлингтің не екенін білгеніммен, фальстарт дегенді уоркшоптан бірінші рет естідім.

Сұхбат жасағанда қандай сұрақ қою керегін үйрендім. Журналист әңгіменің соңында «Сұрамаған, айтқыңыз келген не қалды?» деп нақтылағаны жөн екен. Жақында университеттегі тапсырма бойынша шағын сұхбат алдым. Осы сұрақты алғаш рет қойып, АҚШ азаматының Қазақстандағы ЖОО туралы ойын білдім. Сонымен бірге ортақ чатымызда сөздердің дұрыс жазылуын, калька аудармаларды талқыладық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әр жолы уоркшоптан келген соң бірге оқитын достарыма «Өткендегі сұхбатта ана сұрақ қате екен», «Материалда мынандай нәрсе болмауы керек екен» деп айтып отырдым. Бұл бір жағынан, үйренгеніңді бекітуге де көмектесті.

Айшолпан Керімбай:

Айшолпан Керім
Айшолпан Керім. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Baribar Media ұйымдастырған уоркшоп-курс журналистік дағдыларды шыңдауға, білім жетілдіруге тамаша мүмкіндік болды. Курстың, әсіресе, мәтінмен жұмыс істеу, күнделікті қолданатын қарапайым тіркестердегі қателерді талдау бөлімі ерекше ұнады.

Бұған қоса, журналист этикасы туралы сабақ жадымда мәңгі сақталды. Шешім қабылдар кезде көмектесеріне сенемін. Осы және өзге тың ақпараттың бәрін бірден тәжірибеде қолданып көргеніміз де уоркшоптың артықшылығы деуге болады. Ұйымдастырушыларға рақмет!

Әділет Есімжан:

Әділет Есімжан
Әділет Есімжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Түрлі порталдағы жаңалық құрылымын, ақпарат тарату стилін шолып, салыстырып шықтық. Кеңсе тілінен нақты ақпарат жасау бойынша тапсырмаларды орындадық. Мысалы, пресс-релиздердің артық-кем тұсын анықтап, елеп-екшеп, оны жаңалыққа айналдырдық. Журналистік зерттеу туралы да ұмытпадық, «Бұл жанрға не тән», «Баяндау тілі қандай болғаны жөн», «Детальдардың маңызы қандай?» дегенге жауап іздедік.

Өзіме ең ұнаған тақырып — медиэтика. Медиаэтика теория немесе құжаттағы нәрсе емес, жүрегіңіз бен миыңызда, бұл үшін ешкім айыптамаса да, ешкім көріп тұрмаса да, адамгершілікпен шешім шығару туралы айттық. Сонымен бірге қазіргі редакциялар мәтінге қандай талап қоятынын және жазу машығын қалай жетілдіруге болатыны туралы сабақ өттік.

Алтынай Мұхрадинқызы:

Алтынай Мұхрадинқызы
Алтынай Мұхрадинқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Курстың хабарландыруын кездейсоқ көріп, өтініш бердім. Электрон поштама хат келгенде қатты қуандым.

Мұнда келген соң өз ортама тап болғанымды сездім. Журналистермен танысып, олармен ой алмасу мүмкіндігі пайда болды. Бұған қоса, Baribar Media басшылығымен, журналистерімен және «ішкі кухнясымен» таныстық.

Журналист Аян Қалмұрат, жарнамашы Зарина Әлімова тәжірибесін айтып берді. Мұндай кездесулер жас журналиске пайдалы және мотивацияға толы болды. Baribar Media-ға білімізді арттырып, машық жетілдіруге мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз!

Асылан Маханов:

Асылан Маханов
Асылан Маханов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Baribar Media өткізген уоркшоп-курс журналистік машығымды жетілдіруге көмектесті. Жоба менторы Болатбек Мұхтаровтың арқасында талай нәрсені көкейге түйдім. Журналистік материал жазғанда қаперде жүруге тиіс нәрселерді үйрендім. Ең есімде қалғаны — журналист қандай да бір шара туралы жазғанда, оның өткеніне емес, онда не айтылғанына басымдық беруі керек. Қызық әрі маңызды ақпаратты мақаланың басына шығару керегін түсіндім. Бұған қоса, мақала стилистикасы мен редактура жайлы да маңызды мағлұматтар алдым. Кеңсе тілі мен калькадан арылудың жолын білдім.

Курс еркін форматта, өте қызық өтті. Практикалық тапсырмалар да берілді. Сол арқылы тақырыптарды тез ұқтық. Бұл курс оқырманға қызық, ең бастысы, сауатты мақала жазуды үйретті. Осы жобада алған білімді алдағы уақытта журналистік қызметімде қолданамын.

Олжас Павлик:

Олжас Павлик
Олжас Павлик. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір айға жуық өткен уоркшоп-курс болашақ журналист үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Себебі мұнда біз сауатты материал жазуға машықтандық. Қажет ақпаратты қоқыс ақпараттан ажырату, сұхбат алу кезіндегі этика, жаңалықты өтімділігіне қарай сұрыптау сияқты тақырыптар ерекше есте қалды.

Осы курстың арқасында сөзді мағынасына қарай дұрыс қолдануды, сауатты жазуды үйрендім. Практик журналистердің сайт редакциясына келіп, тәжірибесін айтып беруі білімімізді одан әрі жетілдіре түскендей болды. Уоркшоп-курста тек оқып қоймай, материал да жаздық. Мұның бәрі Baribar.kz порталында жарияланды. Азаттық журналисі Аян Қалмұрат лонгрид жазудың қыр-сырын айтса, Мейірман Лес Baribar.kz редакцияның жұмысын таныстырды.

Уоркшоп-курстың енді-енді журналист болғалы отырғандарға берері мол болды. Жас журналистерді өндіріске дайындайтын уоркшоп-курстар көбейсе екен. Себебі редакцияда берілген білімді оқу орындарынан ала алмаймыз. Курсты ұйымдастарған Baribar Media-ға алғысымыз шексіз!

Меруерт Әбдіқаппар:

Меруерт Әбдіқаппар
Меруерт Әбдіқаппар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жұмыс тәжірибесі аз немесе өндіріске әлі көп араласа қоймаған маманға бұл таптырмас курс болды. Алғашқы сабақта-ақ жаңалық жазып көрдік. Болатбек Мұхтаров бізге жаңалық жазу машығын, этиканы, редакциялауды үйретті.

Журналистика өзім үшін «ерінбеу» сөзінің синониміне айналды. Тәжірибе болсын деп, бәріміз шараға барып, мақала жазып көрдік. Курсқа басқа да журналистер келіп, білген-түйгенін айтты. Өзіме, әсіресе, Азаттық журналисі Аян Қалмұраттың «Оқылатын мақала жазу» тақырыбындағы әңгімесі қатты ұнады. Түсінікті, ықшам курс үшін ұйымдастырушыларға, ментор Болатбек Мұхтаровқа алғыс айтқым келеді.

Балым Әлішер:

Балым Әлішер. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Baribar Media уоркшоп-курсында үйренгенім көп болды. Оның ішінде мақала жазудың қыр-сырын, қалай бастау керек екенін тегіс үйрендім. Өзімді мәтін жазу тұрғысынан ғана дамытқан жоқпын, кез келген материалға, репортажға редактор көзқарасымен қарай бастадым. Қазақ журналистикасындағы ақпарат тілін шұбарлайтын сөздерді талқылап, дұрыс нұсқасын білдім.

Айым Еркінбекқызы:

Айым Еркінбекқызы
Айым Еркінбекқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Уоркшоп-курста мақала жазудың құрылымы бойынша тың ақпарат алдым. Бұған дейін тәжірибеден өткен сайттарда дәл мұндағыдай сөйлем құрылымына, сөздерге байланысты нақты талдау жасамаған едік. Осы пайдалы ақпарат болды. Жалпы уоркшоптың әр сабағы — журналиске нағыз қажет, маңызды тақырып. Сол үшін уоркшоп-курс менторы мен ұйымдастырушыларына көп рақмет.

Ләззат Құмарбекқызы:

Ләззат Құмарбекқызы
Ләззат Құмарбекқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Baribar Media өткізген уоркшоп-курс өзіме тың білім, жаңа тәжірибе болды. Бұл уоркшопта тек мақала жазу машығын үйреніп, БАҚ материалдарындағы қателерді талдап қана қоймадық, онлайн медиа журналисінің фотографпен, дизайнермен қалай жұмыс істеуі керегін білдік. Мұның алдағы қызметімізде қажет болары анық. Baribar Media ұжымына алғыс айтып, қызметіне табыс тілеймін!

Жоба менторы Болатбек Мұхтаров және уоркшоп-курсқа қатысушылар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz