Басты бетЖаңалықтарБиыл Маңғыстауда...

Биыл Маңғыстауда 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылады

Бұл туралы аймақ халқымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын дамыту керек. Ауыз судың жетіспеуі – тұрғындарды алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі. Су тұшытатын зауыттардың қуаты әлсіз болғандықтан, қалалар мен ауылдарда жаз кезінде су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ал биылғы мамыр айында қала тұрғындары су таситын көліктің кезегінде тұруға мәжбүр болды. Мұндай жағдайға шыдап отыруға болмайды. 2025 жылға қарай облыста суға деген сұраныс 260 мың текше метрге дейін өсуі мүмкін. Мен бес жыл ішінде өңірдегі барлық қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып отырмын. Әкімдік бұл бағыттағы жұмысты бастап кетті. Менің тапсырмаммен жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магистральді су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мерзімі созылып бара жатқан жобалар да бар, — деді президент.

Оның айтуынша, Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастау керек.

33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахан – Маңғыстау су құбыры әбден тозған. Оны жаңғырту және кеңейту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Үкімет және «Самұрық-Қазына» қоры барлық жұмыстарды мерзімінде орындауға тиіс. «МАЭК-Қазатомпромның» қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Өңірдің үздіксіз дамуына және халық санының өсуіне байланысты инженерлік жүйені жаңғырту мәселесі туындап отыр. Қазір коммуналдық инфрақұрылымның шамасы жетпей жатыр. Өңірге су, жылу және электр энергиясын негізінен «МАЭК-Қазатомпром» компаниясы береді. Бірақ, бұл кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың 80% тозығы жеткен. Бұған дейін өңірге жұмыс сапарымен келгенде кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған едім. Үкімет оны жүзеге асыруға қажетті қаржы көздерін қарастыру керек. Көпке созбай, жуық арада жұмысты бастауымыз қажет, — дейді мемлекет басшысы.