Докторантураға түсушілер қазақ тілін меңгергенін растауы керек

Түсу емтиханына қатысуға ҚР ҒЖБМ ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелуге болады.

Докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орны мен білім бағдарламаларының бір тобын ғана таңдауға болады.

Егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгеріс енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініш қабылдау жүйесі жабылғанға дейін (18 қарашаға дейін) өтінішті өңдеу немесе жою мүмкіндігі беріледі.

Тестілеу орны мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 29 қарашада жарияланады.

Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші — 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балл. Ал мемлекеттік білім тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл — 75, – деп атап өтті ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сонымен қатар биыл алғаш рет докторантураға түсу үшін шет тілін білу сертификатынан басқа, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет.

Ережені бұзғаны үшін тестілеуге жіберілмеген, сонымен қатар 2022 жылы нәтижелері жойылған тұлғалар докторантураға түсу емтиханына қайта қатысуға жіберілмейтінін атап өткен жөн.